- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Көпжасар Нәрібаев атындағы аудитория ашылды
18.06.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Академик К.Н. Нәрібаевтың еңбектеріндегі Қазақстан Республикасы экономикасының инновациялық дамуы мен жоғары білім беру жүйесінің қазіргі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Көрнекті ғалым және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, профессор, халықаралық және шетелдік ғылым академияларының мүшесі, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы Көпжасар Нәрібаевты еске алуға арналған шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ бірлесіп ұйымдастырды.
Алқалы жиын Нәрібаев Көпжасар Нәрібайұлы атындағы атаулы аудиторияның ашылуымен бастау алды. Экономика және бизнес жоғары мектебі ғимаратында орналасқан аудитория оқу сабақтарын өткізуге және біртуар тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығының түрлі кезеңдерімен таныстыруға арналған. Салтанатты рәсімге қатысқан қонақтар ғалым есімін ұлықтаған игі істі елі үшін ерен еңбек сіңірген танымал тұлғаға және ғылымға деген құрмет ретінде бағалады.
Конференцияны білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, ғалымның сан қырлы қызметіне тоқталды.
Көпжасар Нәрібайұлының еліміздің жоғары білім беру жүйесін дамытуға және білікті мамандарды даярлауға елеулі үлес қосқанын айта келе, 20 жылдан астам уақыт бойы білім саласында еліміздің жоғары және орта білім министрінің орынбасары, министр және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры болып жемісті жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ғұлама ғалым Экономика ғылыми мектебін құрып, ғылымдағы бірнеше толқын ізбасарларын тәрбиеледі.
Жиынға ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығының төрағасы Қайрат Мами арнайы бейне жазба жолдап, ғалымның ұйымдастырушылық, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметтерін ерекше атап өтті.
«Көпжасар Нәрібаев есімі біздің елде ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Американдық университеттерде дәріс берді, кейінірек әлемдік тәжірибені қолдана отырып, экономикада бухгалтерлік есеп пен басқарудың қазақстандық моделін дамытуға ықпал етті» делінді бейне жолдауда.
Сонымен қатар ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері Гүлжан Қарағұсова конференцияға жолдаған хатында Көпжасар Нәрібайұлының әлемдік деңгейдегі беделі мен ел дамуы жолындағы қайраткерлігін мысалға алды. Бұл конференция экономика саласының өзекті сұрақтарын талқылаумен қатар, жастардың ҚазҰУ қабырғасында жан-жақты әрі сапалы білім алатынының дәлелі болуымен де құнды екенін жеткізді.
Конференция барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков, ҚР ҒА президенті Мұрат Жұрынов, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры м.а. Саябек Сахиев, «Нархоз» университетінің провосты Қанат Қожахмет, Жану мәселелері институтының бас директоры, академик Зұлхайыр Мансұров және өзге де көрнекті тұлғалар мен ғалымның жақындары сөз алды. Олар біртуар тұлғаның университет қабырғасындағы қызметі және ғалым, ұстаз, азамат ретіндегі келбеті хақында ой-толғап, жылы естеліктерімен бөлісті.
Көпжасар Нәрібаев он жылдан астам уақыт Қазақ ұлттық университетін басқарды. Осы жылдар ішінде университеттің халықаралық беделін көтеруге, қалыптасқан дәстүрді заманауи жаңашылдық үрдістермен ұтымды үйлестіріп, білім ордасындағы оқыту шеберлігі мен ғылыми шығармашылықты жаңа биіктерге көтеруге орасан еңбек сіңірді. ҚазҰУ-ға адамзаттың екінші ұстазы, ұлы ойшыл әл-Фараби есімін беруде және білім ордасының автономдық статусына ие болуы мен дүние жүзіне танылуына ұйытқы болды.
Шара соңында ғалымның бауыры, саяси ғылымдарының докторы, педагог, профессор, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Бекжасар Нәрібайұлы көпшілік қауымға отбасы атынан ыстық ықылас пен құрметі үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ басқосуда экономика, жоғары білім, педагогика және болашақ мамандарды тәрбиелеу саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланып, тиімді ұйымдастырудың стратегиялары, технологиялары мен тетіктері де қарастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі