Жаңалықтар

Дәрігерлер марапатталды

19.06.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Медицина қызметкерлері күніне орай оқу орнының қызметкерлері мен «Smart Health University city» медициналық орталығының дәрігерлерін құттықтап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Салтанатты шарада ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масалимова университет басшылығы атынан университет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде адам өмірі мен денсаулығына жауапты дәрігерлер еңбегінің маңыздылығына мән беріп, мереке иелеріне ел игілігі үшін қызметте табыс тіледі.

Кездесуде ҚазҰУ-дың «Smart Health University city» басқарма төрағасы Эрнест Қалиев әріптестерін құттықтай отырып, медициналық орталық қызметкерлерінің жоғары кәсіби деңгейін атап өтті. Қазіргі таңда дәрігерлердің науқастарды диагностикалау, емдеу, ақыл-кеңес беру жұмыстарын белсенді атқарып, орталық жұмысының жан-жақты дамуы және өркендеуіне аянбай еңбек етіп жатқанын жеткізді.

Мереке күні ҚазҰУ ректорының шешімімен білім ордасының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар университет қызметкерлері, атап айтсақ, «Smart Health University city» басқарма төрағасы Эрнест Қалиев және басқарма төрағасының орынбасары Жанна Жүнісова, дәрігер Гүлмира Исаева, учаскелік медбике Гүлмира Құмашеваларға «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі