Бүгін Халықаралық түркі академиясы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Салтанатты рәсімге ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті түрколог Осман Фикри Серткая, Әзірбайжан Республикасының танымал ғалымы Абулфаз Кулиев, университетіміздің жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев және басқа да белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев: «Бүгінде елімізде түркология мамандарының легін дайындайтын ҚазҰУ-мен әріптестік орнату Еуразия кеңістігінде түркология ғылымының серпінді дамуына негіз болады», – дей келе, Халықаралық түркі академиясының ерекше маңыздылығына тоқталып, атқарып отырған ауқымды жұмыстарына үлкен баға берді.
Тараптар ғылым саласында өзара тиімді әріптестік байланыстарды нығайтуға уағдаласып, түркітану саласын бірлесіп дамыту бойынша арнайы келісімге келді. Меморандум қос тарапқа ғылым саласында келісілген тақырыптар бойынша ортақ іс-шаралар ұйымдастыруға, қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына, ғылым саласындағы маңызды ақпараттар мен жарияланымдарды бөлісіп отыруға, бірлескен семинарлар мен тренингтер өткізуге мүмкіндік береді.
Аталған меморандум аясында алдағы уақытта ҚазҰУ студенттері мен ізденушілері Халықаралық түркі академиясында ғылыми тағылымдамадан өтетін болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі