Жаңалықтар

Академик Зұлқайыр Мансұровтың мерейтойы атап өтілді

26.06.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Жоғары мектеп ҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлқайыр Мансұровтың 75 жылдық мерейтойына және ғылыми-педагогикалық қызметінің 55 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

«Қазақстандағы химиялық физика және нанотехнологияның дамуы» тақырыбында өткен ауқымды шараға белгілі отандық және шетелдік ғалымдар, ЖОО басшылары мен академиялық орта өкілдері қатысты. 

Білім ордасының бірінші проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың жылы лебізін жеткізіп, мерейтой иесінің ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет ете жүріп, қайраткер тұлға ретінде туған университетінің дамуына орасан зор үлес қосқанын атап көрсетті.

Салтанатты басқосуда ҚазҰУ-дың «Ғибратты ғұмыр» сериясының алғашқы шығарылымы – Зұлқайыр Мансұровқа арналған кітаптың тұсауы кесілді. Өскелең жастар үшін өнеге мектебі болатын өресі биік тұлға жайлы еңбекте ғалымның өмірі мен шығармашылығы кеңінен баяндалған.

Мерейтой иесіне ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз құттықтауын жолдады. Ол Зұлқайыр Аймұхаметұлының Қазақстанда химиялық физика және нанотехнология мектебінің негізін қалаушылардың бірі екенін айта отырып, ғылым жолындағы ілкімді ізденістері мен қол жеткізген табыстарының қомақтылығын алға тартты.


«Мыңға жуық ғылыми еңбектеріңізде, оның ішінде 7 монографияңызда көрініс тапқан жану үдерістері және нанотехнологияларды пайдалану жолдары, мүмкіндіктері мен қағидаларын өзіңіз даярлаған 65 ғылым докторы мен кандидаттары, PhD докторлары қазіргі таңда әрі қарай дамытуда» делінді хатта.

Жиында ҚР БҒМ атынан ғалымға «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды.

Сондай-ақ кемеңгер тұлғаны «Жану мәселелері институтының» құрметті директоры Георгий Ксандопуло мен бас директоры Тілек Кетегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмаұлов, ҚБТУ ректорының м.а. Маратбек Ғабдуллин, SATBAYEV UNIVERSITY Басқарма төрағасының бірінші орынбасары – Корпоративтік даму жөніндегі проректор Ержан Күлдеев, АТУ-дың ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Баходир Алиев және өзге де ғалымдар, әріптестері, достары мен шәкірттері айтулы күнмен құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді.


ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының алғашқы вице-президенті, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, ҚР ҰҒА академигі Нәдір Нәдіров өз сөзінде: «ҚазМУ жанындағы Жану проблемалары институтын құру – нағыз революция! Зұлқайыр Аймұхаметұлы қатардағы қызметкерден институттың бас директоры деңгейіне көтерілді, әлемге танымал ғалым болды. Ол – жастарға үлгі боларлық біртуар тұлға», деген пікірімен бөлісті.

Сөз сөйлеушілер айтулы ғалым, оның ғылымдағы зерттеулері мен жетістіктері, отандық жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесі, ізін жалғастырушы бірнеше толқын шәкірт тәрбиелеген ұлы ұстаздың биік адамгершілігі туралы тебірене тіл қатты.

Зұлқайыр Мансұров – «Ғылым мен нанотехнологияның дамуына қосқан үлесі үшін» ЮНЕСКО-ның беделді марапатын алған Қазақстанның тұңғыш ғалымы. Ол – мыңдаған ғылыми мақала, баяндамалар мен тезистер, 39 оқу құралы мен монографиялардың, 30-дан астам КСРО мен ҚР авторлық куәлік және патенттерінің иегері. Ғалымның жетекшілігімен  8 ғылым докторы, 39 ғылым кандидаты, 10 PhD докторы диссертация қорғады.

Профессордың ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы, «Төмен температуралы салқын жалындағы күйенің түзілу құбылысы» атты ғылыми жаңалығы үшін Қ. Сәтпаев атындағы сыйлығы, «Құрмет», «Парасат» ордендері және Ресей Федерациясы Жоғары мектебі Ғылым академиясының «Жоғары мектепке сіңірген еңбегі үшін» медалі және т.б. мемлекеттік және халықаралық марапаттаулары ғылыми еңбектерінің нәтижесі болып табылады.


Өз кезегінде академик: – Бүгінде елде ғылым жоқ дегенді естігенде, мен олай емес деп жауап беремін, – деді. – Біздің институтта өте мықты ғалымдар ұжымы үлкен жобалармен жұмыс істейді, зерттеу нәтижелерін одан әрі коммерцияландыруға мүмкіндік зор. Мысалы, суды тазартуға арналған нано-көмірсутекті материалдар негізіндегі алғашқы қазақстандық сүзгілер; жұмыртқа қабығынан гидроксиапатит алу әдісі, ол сүйек тінінің алмастырғышы болып табылады және медицинада, стоматологияда, матадан дене броньдарын жасауда қолдануға болады. Қазір біз ковид таралуының тізбекті механизмдерін зерттеудеміз, шәкірттеріммен мақала дайындап жатырмыз» дей келе, барша қатысушыларға шынайы ілтипат пен жылы сөздері үшін алғыс білдірді. Сөз соңында: «Ғибратты ғұмыр» кітабы үшін рахмет! Бізде керемет баспа үйі бар. Мен туған университетімнің жетістіктерімен мақтанамын. Біздің университет – әрқашан алда! Мен оған үлкен жетістіктер тілеймін» деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі