Жаңалықтар

Қырғыз университеттерімен ынтымақтастық артады

01.07.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Қырғыз Республикасына жұмыс сапары барысында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде болды. Тараптар бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта отырып, білім мен ғылым саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойды.

Кездесуде білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қызметінің бағыт-бағдары туралы әңгімелеп, жетістіктерімен бөлісті. Әлемнің ең үздік 200 университеті тобындағы қарашаңырақта ғылым мен инновацияға басымдық берілетінін, ғылыми-зерттеу орталықтары және оларда жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы айтты. Сонымен қатар екі ұлттық университеттің білім мен ғылым саласындағы өзара әрекеттестігінің зор мүмкіндіктерін атап өтті.

Өз кезегінде Қырғыз ұлттық университетінің ректоры Қанат Садықов әріптестік шеңберіндегі ұсыныстарға қолдау білдірді. Жетекші білім ошақтарының ынтымақтастығы жастардың сапалы білім алуына және ел дамуына ықпал етер ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынын жеткізді.

Сонымен қатар меморандум аясында магистратураның «Филология» бағытында қос дипломды білім беру бойынша келісім жасалды. Түрік тілі мен әдебиетін оқытуға бағытталған оқу бағдарламасын ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Молдатөреұлы мен ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі Үміт Қыдырбаева және қырғыз филологиясы факультетінің деканы Бақтыбек Жайлобаев, түркітану және аударматану бөлімінің меңгерушісі Бурул Элебесовалар әзірледі.

Келіссөзге Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Рәпіл Жошыбаев та қатысып, көршілес қазақ-қырғыз қарым-қатынасын дамытудың маңыздылығына мән берді.

Сондай-ақ ҚазҰУ ректоры К.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті басшылығымен кездесіп, ЖОО басшылары екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумды қабылдады. Бұл құжат оқыту, зерттеулерді жүзеге асыру және тәжірибе алмасу мақсатында студенттер, оқытушы-профессорлар алмасуды, бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізуді көздейді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі