Жаңалықтар

«Болашақ» түлектері бас қосты

02.07.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы түлектерінің қатысуымен «Елін сүйген, елі сүйген – ­ Елбасы» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.  

Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен іске асқан «Болашақ» халықаралық бағдарламасы түлектерінің ел дамуына серпін беретін ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салу.  

Жиынды ашқан әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Әлия Масалимова «Болашақ» халықаралық бағдарламасы талай жасқа қанат бітіріп, еліміздің талантты жастарына әрқашан қолдау көрсетілетініне тоқталып, жиынға арналған ректор сөзін жеткізді.

Білім ордасы басшысының «болашақтықтарға» арналған сөзінде: «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырып, тұғырын тіктеп, туын көтерген тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеп, дамуында жас ұрпақтың қосқан үлесі зор. Өзінің 28 жылдық тарихында «Болашақ» шын мәнінде Қазақстан болашағының негізін салды. Әлемнің озық елдерінде, Америка, Еуропа, Азияда білім алған жас өркендер туған елдеріне қайтып келіп, білім мен білігін жүзеге асыруда. Жыл сайын «Болашақтың» мамандық ауқымы өсіп, жаңа заманауи мамандықтар желісі пайда болуда», – делінген.

   – Девальвацияға ұшырамайтын үлкен құндылықтар бар. Ол құндылықтар – адамның білімі, қалыптасқан дағдысы, құзыреттілігі, әлеуметтік ортада өзінің жетілуі. Осы ретте ҚазҰУ-дың білімі мен тәрбие жұмысы, ғалымдардың өнертабысы ел экономикасының өркендеуіне өз септігін тигізуде. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуының негізгі межесі әрі тиімді қазығы ретінде білім мен ғылым саласын дамытуды айқындаған болатын. Соның негізінде «болашаққа – кемел біліммен» деген қағида ұстанды. Осы қағида аясында қазақстандық білім саласы тәуелсіздік жылдары қарқынды ілгерілеу кезеңіне қадам басқаны тарихи шындық, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар «Болашақ» бағдарламасы жастардың интеллектуалдық білім деңгейін көтеріп, ел дамуына ықпал жасайтын білікті мамандар легін қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі