- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Электромобильдер дәуіріне дайынбыз ба?
05.07.2021Марсқа ұшқан Илон Масктың электрокөліктері Қазақстанға да келіп жетпек. Бұл туралы америкалық авантюристің өзі жаһанға жария етті. Демек, тоқпен қозғалатын темір тұлпарлар әп-сәтте нарыққа еніп, көлік қатынасын қайта қарауға мәжбүр етері анық. Дәл электрлі самокаттардың жол апатына себеп болғаны секілді. Бірақ проблеманың алдын алудың бір жолы бар. Ол – ғалымдардың сөзіне ел болып құлақ түру. Бүгінгі сұхбатымыз арқылы біз осы міндеттің үдесінен шығуды көздеп отырмыз.
Қазақстанның ғылыми қоғамдастығы арасында және қоғамда көп уақыттан бері Электрлі көліктерді зерттеу бойынша құзыреттілік орталық құру туралы сөз болған. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми-технологиялық паркінің бас ғылыми қызметкері Руслан Өтебаев айтып берді.
– Тарихына үңілсек, Қазақстанда электромобильдер 2011 жылдан бастап дамыды. Менің электромобильмен жүргеніме жеті жыл болды. Ол кезде мұның не екенін ешкім білмейтін және оның дамитынына ешкім сенбейтін. Қоғам оны ойыншық секілді деп қабылдады. Адамдардың қызығушылығы басылған соң, барлығы ұмыт болар деп ойлады. Бірақ қаласақ та, қаламасақ та, бұл маңызды жоба ретінде өмірімізден орын алады. Мен үнемі электромобильдерді ұялы телефондармен салыстырамын. Алғашқы кезде, 2000 жылдары ұялы телефондардың болашағы бар дегенге ешкім сенбеді. Қымбат болды. Ал қазір смартфондар өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті. Нәтижесінде біз күтпеген мәселелер пайда болды. Мысалы, балалар таңнан кешке дейін телефонға телміріп отырады. Дәл сол секілді электромобильдер көбейген сайын, күтпеген қиындықтарға тап болуымыз мүмкін, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, Электрлі көліктерді зерттеу бойынша құзыреттілік орталық құру өте тиімді шешім. Өйткені орталықтың басты міндеті – жалпыға түсіндіру. «Электромобиль дегеніміз не, оны қалай қолдану керек?» деген сұрақтарға жауап береді.
– Қазақта «Әр нәрсенің өз орны бар» деген сөз бар. Сол секілді қазіргі таңда электромобильдердің оң және теріс тұстары көп талқыға түсуде. Егер шын таразылап қараса, кей тұста ол тиімсіз болса, ендігі бір жерде қолайлы. Мәселен, экологиялық таза көліктер қала ішінде қатынауға арналған. Қазақстанның аумағы өте үлкен екенін білесіз, сондықтан қала арасында жол жүруге қолайсыз. Енді мынадай сұрақ туындайды: «Онда электромобильдердің өміріміздегі орны қандай?» Сарапшылармен талқылай келе, бұл жалға берілетін көліктер саласында көбірек тиімді болар деп шештік. Бірақ кейбір азаматтар «қалада айдау жеткілікті, алыс аймақтарға пойыз немесе ұшақпен де баруға болады» деген ойда. Әрине, әр алуан пікірдің болуы заңдылық деп қабылдауымыз керек, – дейді Руслан мырза.
Маманның айтуынша, 2015 жылдары электромобиль айдап жүрген адам өзін бір үлкен экологиялық қозғалыстың мүшесі санайтын. Бұл бір қызығушылықтарына қарай бөлінетін клубтар секілді болды. Қазір кейбір сарапшылар 2017 жылдан бастап экологиялық таза көлікке отырғанын айтып, халық арасында жаңсақ пікір қалыптастырып жүр. Өйткені адамдар елімізде 2017 жылдан бастап қана осындай темір тұлпарлар жүре бастады деп ойлауы мүмкін. Бірақ біздің ғалымдар 2011 жылдан бері осымен шұғылданып келеді.
– Ол кезде бізге ешкім құлақ асқан жоқ. Мәселен, мен 2015 жылы электромобиль алдым, сол жылы біз қуат беретін станса орнаттық. Университет қабырғасында жұмыс істегендіктен, оқу ордасы бізді барлық конференциялар мен шараларға қатысуға міндеттейтін. Бірақ қатысушылар мүлдем қызығушылық танытпайтын, ешкім сені тыңдамайды. Сондықтан кейде салымыз суға кететін. Ал адамдарға түсіндіре бастасаң, «Қазақстан электрокөліктерге жету үшін әлі талай уақыт қажет» деп қолын бір сілтейтін. Ал қазір сол кездегі ғылыми қауымдастықтың еңбегі көрінбей қалды. Бірақ оның барлығы интернетте тұр. Бүгінде осындай азаматтарды көргенде күліп қана қараймын. Өйткені бес жыл бұрынғы алып-ұшып, бар күш-жігерімді салып электромобильдерді насихаттаған өзімді көремін. Сосын, әр нәрсенің өз уақыты бар екенін түсінемін, – дейді Руслан Өтебаев.
Ғалым 2014 жылы алғаш рет «Қазақстандағы электромобильдердің интеграциялық мүмкіндіктері» атты ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асырылғанын тілге тиек етті.
– Жоба барысында жоғарыда атап өткен сауалдарымызға жауап іздедік және қажетті фактілерді таптық. Ал 2015-16 жылдары қуат беру инфрақұрылымдарын зерттеп, 2015 жылы бірінші қуат беру стансасын орнаттық. Оның үстіне бұл шетелдік емес, толығымен өзіміздің ғалымдар құрастырған отандық өнім болды. Оған патент те алдық. Бақылау орнаттық, платасын жасадық. Екі жыл бойы ол университет аумағында орналасты. Адамдар келіп, көліктерін қуат көзіне қойып кете баратын. Кейін оны алып тастауға тура келді. Өйткені оқу ордасының территориясы жабылды, – дейді ол.
Руслан мырза алғашқы кезде қуат беру стансасы еркін, ешқандай ақысыз болуы керектігін сөз етті.
– 2016 жылы «Политех электроникс» ЖШС-ін аштық. Политех – бұл көптехнологиялы дегенді білдіреді. Яғни біз әртүрлі технологиялардың электроникасымен шұғылданамыз. QuatPoint қуаттау стансасын жасап шығардық. Осы уақытқа дейін Қазақстан бойынша 20-30 станса саттық. Қазіргі таңда ол Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтау қалаларында орналасқан. Отандық бір кәсіпкер өз қалтасынан төлеп, бізден сатып алған қуат беру стансаларын Нұр-Сұлтан қаласында тегін орнатып жатыр, – деп атап өтті ғалым.
Он жылға жуық уақыт зерттей келе, мамандар мынадай мәселелер барын анықтаған екен. Соның ішінде ең біріншісі – электромобильдер саласында құзыретті білімнің болмауы. Руслан мырза:
– Ол үшін ешкімді де кінәлай алмайсың. Өйткені бұл туралы насихат өте аз. Екінші мәселе – қымбатшылық. Мәселен, орташа табысы бар азаматтар «15-20 миллион теңге тұратын автокөлікті сатып алуға қаражатым жетпейді» деп жатады. Tesla-ның бағасы – 30 млн теңге. Әрине, бұл барлығына бірдей қолжетімсіз. Ал шындығына келер болсақ, Tesla-дан басқа да брендтердің тоқпен жүретін көліктері бар және ол едәуір арзан екенін айтсақ, адамдар таңғалады. Меніңше, қымбат электромобильдердің кері әсері көбірек болған сияқты. Өйткені олар кеңінен жарнамаланды да, қарапайым азаматтар арасында «электрокөліктер қымбат» деген жаңсақ пікір қалыптастырды. Мысалы, ешкім ғарыш аппараттарын зерттемейді, өйткені ешқашан ғарышқа ұшпайтынын біледі. Сол секілді адамдар да «бұл қолжетімсіз, оны зерттеп қайтемін» деген оймен жүреді. Міне, ең үлкен қателік осы жерден шығады, – деген ойымен бөлісті.
Ғалымның сөзіне сенсек, Қытайда осы қателіктің алдын алып, бірден нарыққа арзан электромобильдерді шығарған екен. Ал бағасы 3-4 миллион теңгенің айналасында болады.
– Нәтижесінде қазір бұл елде мұндай көліктер қаптап жүр. Қуат беру стансаларының өзі 800 мыңға жуықтайды. Енді электрокөліктердің қаншалықты көп екенін елестетіп көріңіз. Бұл мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде жүзеге асты. Үшінші мәселе – елімізде электромобильдерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның жоқтығы. Нәтижесінде нарық бейберекет күйде. Кім сатып алғысы келеді, сол алады. Ал олардың көбісі бақуатты азаматтар, – дейді ол.
Руслан мырза электромобильдер қазақша ақпараттық қолдауға мұқтаж екенін де жасырмады.
– Еліміздегі орыстілді және қазақтілді азаматтардың арасында да экологиялық таза көліктерге деген ұстаным екі түрлі. Орыстілді ақпарат көп, ал қазақ тілінде жоқтың қасы. Сондықтан біз қазақтілді аудиторияны осы туралы пайдалы мәліметтермен толық қамтамасыз етуге тиіспіз. Өйткені отандастарымыз мұндай көлік түрінің арзан және қымбаты бар екенінен хабардар болса дейміз. Оның үстіне арзан көлік сапасыз дегенді білдірмейді, – деді маман.
Орталықтың бас ғылыми қызметкерінің айтуынша, ескеруіміз тиіс тағы бір жайт бар екен:
– Электромобильдердің қарапайым көліктерден айырмасы – бөлшектері аз. Олар: қозғалтқыш, батарея, көліктің қаңқасы. Ал ішкі жану қозғалтқышы бар көліктердің сапалысы, сапасызы болады, өйткені бөлшектері өте көп. Ал электромобильдерді сапасыз етіп жасау қиын. Себебі қозғалтқышы стандартты, батареялары бірдей. Электрокөліктердің бағасына батареяның көлемі ғана әсер етеді. Мәселен, Tesla 300-400 шақырым жүруге жарайды. Ал көптеген зерттеулер қалалық тұрғындар күніне 100 шақырымнан артық жүрмейтінін дәлелдеп берген. Сол үшін осындай қашықтыққа жүруге жарайтын арзандау электрокөлік алған әлдеқайда тиімді.
Неліктен мекеме электромобильдер орталығы емес, электрожетекті көлік құралдары деп аталды? Осы сауалға да жауап алдық.
– Өйткені электромобильдер электрмен жүретін көлік құралдарының ішіндегі бір ғана сала секілді. Сонымен бірге оның қасында самокаттар, гироскутерлер, электрорикштер де бар. Пандемия басталған кезде осы электрорикштерге деген сұраныс күрт артты. Өйткені жеткізу саласы бірден дамып кетті, – дейді Руслан Өтебаев.
Ғалым бүгінде бізге де осы көлік түрлері келіп жатқанын айтты. Соған сақадай сай болуымыз үшін құзыреттілік орталық зерттеп, мамандар мен нормативтік-құқықтық базаны дайындап шығаруы қажет.
Кәмила ДҮЙСЕН