- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақ ғалымы вирусқа қарсы тұнба әзірледі
14.07.2021Фитотерапия – ежелгі емдеу әдістерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, соңғы кезде емделудің балама бағыттары сұранысқа ие болып келеді. Оның ішінде бүгін біздің тақырыбымызға арқау болатын дәрілік өсімдіктермен емделу саласы да бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Дәрілік өсімдіктерді зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңістің айтуынша, елімізде антивирустық қасиеті бар дәрілік шөптер кездеседі екен.
– Біздің зерттеу бағытымыз Қазақстанда өсетін дәрілік және жеуге жарамды өсімдіктер. Оның ішінде жемістер де бар, – дейді Жанар ханым. – Қазір орталықта жусанды (Artemisia L.) зерттеудеміз. Осы тұрғыда халықаралық ғылыми мақалалар да жарияладық. Елімізде жусанның 81-ден астам түрі өседі. Оның 19 түрі – эндемик. Бір өсімдіктің өзін толық зерттеу үшін кем дегенде 2-3 жыл уақыт қажет. Қазіргі таңда орталықтың ғылыми қызметкерлері зерттеп жатқан өсімдіктер Алматы облысы мен Шығыс Қазақстанның төңірегіндегі жусан түрлері. Мәселен, Қазақстанда өсетін жусан мен шетелде өсетін түрін салыстырғанда 60-70 пайыз ұқсастық болса, 20-30 пайыз өзгешелік барын байқаймыз.
Орталық директорының сөзіне сүйенсек, көп жағдайда ғалымдар өсімдіктің бір қасиетін ғана зерттейді де, өсімдіктер түбегейлі толық зерттелмей қалып жатыр.
– Ал біз ең алдымен дәрілік өсімдіктерден жалпы сығындысын алып, кейін әртүрлі еріткіштермен бөлу арқылы полярлы, полярсыз қосылыстарын толық зерттеп және биологиялық белсенділіктерін анықтаймыз. Әртүрлі дәрілік өсімдіктердің гүлдері мен жемістері косметикалық өнімдер, тамақ және фармацевтика өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар дайындауда кеңінен пайдаланылады, – дейді Жанар ханым.
Зерттеу барысында орталық мамандары осындай әртүрлі бағыттарды толығынан қарастырады.
– Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеуге бакалавр, магистр және докторант студенттер де ғылыми-зерттеу жұмыстарына атсалысады. Дәрілік өсімдіктерді зерттеу орталығында жусанды фундаменталды зерттеу бойынша 2017-2022 жылдарды қамтитын ғылыми жобалар бар. Одан бөлек, тері ауруларына ем болатын дәрілік өсімдіктер бағытында зерттеу жасап жатырмыз. Осы жоба аясында Австралияның Гриффит университетімен бірге жұмыс істейміз. Өйткені өзімізде өсімдіктің тері ауруларына байланысты белсенділігін анықтау мүмкіндігі жоқ, тек шетелде анықталады, – дейді ғалым.
Орталық басшысының айтуынша, өсімдіктерден алынған сығындыларды Гриффит университетімен бірге зерттеп, өте жақсы белсенділік көрсеткені анықталған. Осы тақырыпта ҚазҰУ докторанты Айдана Құдайберген «Жас ғалым» жобасына қатысып, 54 млн теңгенің жобасын жеңіп алған. Жанар Жеңіс шәкірттерінің мұндай жетістіктерге жетуі үшін көп тер төккенін алға тартты. Тіпті шетелдік университеттермен келіссөздер жүргізіп, студенттердің елде жоқ технологияларды меңгеруіне септігін тигізген. Тәнге дауа болатын тұнбаны табиғаттан алатын ғалым бастапқыда қиындықтың аз болмағанын айтты.
– Бұрын зерттеу үшін өсімдіктерді жинап, кептіріп, ұсақтап, 10-20 келіден шетелге алып кететінбіз. Өйткені өсімдік экстрактысын алуға мүмкіндік болмады. Ал қазір гранттар мен университет қолдауының арқасында роторлы буландырғыш және шөптерден экстракт алатын арнаулы ыдыстар алдық. Бұдан кейін шетелге баяғыдай 20 келі шөп емес, 500 гр немесе бір келі экстракт қана алып кетеміз, – дейді ол.
Бірақ пандемияның әсерінен қазір шетелге шығу мүмкін емес. Сондықтан Дәрілік өсімдіктерді зерттеу орталығына жобаларға бөлінген гранттар есебінен сорбенттер, бағаналы хромотография, әртүрлі еріткіштер сатып алынған. Осылайша қазір өсімдіктерді өңдеп, оның құрамын анықтау секілді жұмыстар орталықтың өзінде жасалуда.
– Мысалы, жоғары эффективті сұйықтық хромотографиясы (HPLC) арқылы биологиялық белсенді қосылыстарды анықтауға болады. Біздегі осындай екі құрылғының бірі Оңтүстік Кореяда, бірі Жапонияда жасалған, – дейді Жанар ханым.
Ғалымның зерттеу объектілерінің арасында өзіміздің қарапайым алма да бар. Күнделікті тұтынатын бұл жемістің дертке дауа болатын қасиетіне аса мән бермейміз. Сөйтсек, оның кейбір түрлері қатерлі ісікке қарсы тұруға қауқарлы екен. Әрине, науқастың айығып кетуіне бұл толық кепіл бола алмайды. Дегенмен «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме, қазақ?!
– Алматы алманың отаны болғандықтан, 5-6 түрін, мысалы, «Голден делишес», «Красный крепсон», «Апорт», «Американка», одан бөлек, өзбек алмасының бір түрін зерттедік. Талғар мен Қаскелең жақтағы алма бақтардың әрқайсысынан алып, бір-бірімен салыстырдық. Олар қатерлі ісікке қарсы өте жақсы белсенділік көрсетіп жатыр. Оны да ары қарай зерттеуіміз керек, – дейді орталық басшысы.
2020 жылдың 3-17 сәуір аралығында «Ғылым қоры» коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге және оның салдарын жоюға бағытталған тиімді шешімдер табу мақсатында «Стоп-Коронавирус» конкурсын ұйымдастырды. Байқауға бүкіл Қазақстаннан 140-тан астам өтініш келіп түскен. Коронавирусқа қарсы күрес бойынша ғалымдар, кәсіпкерлер мен медицина қызметкерлері өз жобаларын ұсынған. Соның ішінде Жанар Жеңіс 39 финалистің арасынан табылды. Ғалым коронавирусқа қарсы тұнба әзірлеу идеясы қалай пайда болғанын баяндап берді.
– 2003 жылдан бастап SARS-CoV деген вирус Қытайда Гонконгта таралды. Сол кезден бастап ғалымдар емдік өсімдіктердің коронавирусқа қарсы қасиеттерін зерттей бастады. Нәтижесінде көптеген дәрілік өсімдіктердің вирусқа қарсы қасиеті бар екені және әсер ету механизмдері әртүрлі болатыны анықталған. Қазақстанда өсетін осындай дәрілік өсімдіктерден коронавирусқа қарсы табиғи белсенді қоспа жасау туралы ғылыми жоба дайындадық. Сол жобамыз байқауда финалға шықты.
Пандемия басталып, елде дәрі тапшылығы байқалған тұста қаладағы жеке клиникалар Жанар Жеңістің тұнбаларына тапсырыс береді. Ғалым өзімізде өсетін, бірақ ковидке қарсы белсенділігі зерттелген өсімдіктерді қосып, «Тұмау шәрбатын» жасап шығарған.
– Бірінші дайындаған рецепте тек жеуге болатын өсімдіктер қолдандым. Сондықтан улылығына да алаңдамаймын. Барлығының дәлелденген ғылыми негізі бар, дозасы стандартты. Балалар да қабылдаса жарайды. Кейін жөтел мен демікпеге деп, арнайы сұраныс арта бастаған соң, екінші рецепті дайындадық. Ол жерде дәрілік өсімдіктер көбірек, – дейді Жанар ханым.
Әдетте ковидтен адамдар әлсіреп, салмақ тастайды. Дәрілердің әсерінен кейбір науқастардың диабеті көтеріліп кетеді. Ғалымның айтуынша, бұл вирус қанды қоюландырып, қай жерің әлсіз болса, сол жердегі ауруды асқындырады.
– Осы қасиеттерді ескере келе, өкпені қуаттайтын, қақырық түсіретін, қанды сұйылтатын, қандағы майларды жоғалтып, қан айналымын жақсартатын, күш-қуат беріп, ұйқыны теңшейтін қасиеті бар өсімдіктерді қостық. Жалпы, бір жылдан бері ешқандай кері әсері (аллергия) болмады. Қолданған жандар тез арада жазылып, өздерінің алғыстарын айтып жатыр.
Аллергия демекші, бұл маусымдық дерт те көптеген адамның мәселесіне айналып отыр. Ғалым мұның бір себебі бауырдан болуы мүмкін екенін айтты. Назарбаев университетінде жүргізілген сынақ нәтижесі бойынша бұл дәрілік тұнба бауыр жасушаларының жаңаруына әсер еткен.
– Көктем-жаз мезгілдерінде мұрны бітеліп, көзі ісіп кететіндер осы дәріні ішсе аллергиясы басылады. Біздің екінші рецептіміз бауыр жасушаларының көбеюіне әсер ететінін зерттедік. Одан бөлек, былтыр тері ауруына шалдыққан бір кісі «иммунитетімді көтерсем» деп, дәрімізді алды. Кейін дертінен айыққанын айтты. Негізі, тері ауруы да кей кезде бауырға байланысты. Міне, тұмау, жөтел, ковидтен бөлек, осындай да жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр, – дейді Жанар Жеңіс.
Оның айтуынша, ковидке қарсы тұнбаны ковидтің жеңіл түрінде ауырып жатқан адамдар немесе емделіп шыққан, бірақ толық қақырығы түспеген, әлсіреген жандар қабылдап, толық жазылып шыққан. Ал қатты ауырып тұрған науқастарға беретін мүмкіндік болмаған.
– Өйткені олар ауруханада болды. Батыс медицинасында жүргендердің көбісі өсімдіктің емдік қасиеттерін тани бермейді. Ал емделіп шыққан пациенттерді вирустың беті қайтқанымен, қатты әлсіреп, құрғақ жөтел қинайды екен. Маған осындай кісілер хабарласып, біздің табиғи қоспаны он күннен екі аптаға дейінгі уақытта пайдаланып, осы уақыт аралығында қақырығы түсіп, күш-қуаты қалпына келгенін айтып, алғыстарын білдіріп жатыр, – дейді ол.
Жанар ханым дәрілік қоспаның құрамында жалбыз, қызылмия өсімдіктері, қалампыр және түймедақ шөптері мен пайдалы өсімдіктер барын сөз етті. Ғалым: «Қазақ халқында дәрілік өсімдікпен емдеу бұрыннан бар. Кезінде оба сияқты ауру түрі тарағанда осындай емдік өсімдіктермен емдеген. Аталмыш қоспа сусамыр, қан қысымы, бронх демікпесі барларға жақсы көмектеседі. Бұл дәріні ауру деңгейіне қарай қолданады. Жастар немесе иммунитеті жоғары жандарға қысқа уақытта жақсы көмектеседі, ал жасы үлкен немесе созылмалы ауруы бар адамдарға біршама ұзақ уақыт қабылдауды қажет етеді, – дейді.
Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея секілді елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында жұмыс істеген қазақ қызы алдағы уақытта аталған дәріні өндіру үшін ҚазҰУ жанынан шағын зауыт салынатынын айтты.
Кәмила ДҮЙСЕН