- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Докторантураға түсу ережесі өзгертілді
24.07.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті докторантура бойынша онлайн және офлайн форматта құжат қабылдауды жалғастыруда.
Өтініш қабылдау еліміз бойынша 3 шілдеде бастау алды. Қабылдау комиссиясының мәліметінше, қазіргі таңда 73 үміткер тіркелген. Докторантураға түсуге арналған емтихандар 4-20 тамыз аралығын қамтитын болады. ҚазҰУ докторантураға түсушілерге 75 білім беру бағдарламасын ұсынып отыр.
Сондай-ақ білім ордасы ғылым және білім интеграциясы жобасымен «Ғылым ордасы» базасында ҚР БҒМ Ғылым комитеті ғылыми-зерттеу институттарымен магистранттар мен PhD докторанттар дайындау бойынша бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асырады. Еліміз үшін ғылыми кадрлар даярлауға бағытталған ауқымды жобаға Ә.Марғұлан атындағы археология, Р.Сүлейменов атындағы шығыстану, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер, Математика және математикалық модельдеу, Ө.Жолдасбеков атындағы механика және инженерлеу, Философия, саясаттану және дінтану, Экономика, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институттары атсалысуда.
Әлемнің 460 жетекші университетімен ынтымақтастық орнатқан қарашаңырақта жас ғалымдарға арналған академиялық ұтқырлық, қос диплом, Erasmus+, Fulbright, DAAD, Mevlana, Болашақ халықаралық бағдарламалары бар. Университетте ғылыми жобаларды коммерциализациялау мүмкіндігі де жоғары. Мұнда 8 ғылыми-зерттеу институты мен 29 ғылыми орталық табысты жұмыс істейді.
Докторантураға құжат қабылдау 3 тамызға дейін жалғасады. Биылғы жылы докторантураға түсу ережесіне үлкен өзгерістер енгізілді. Оқуға түсу емтиханы алғаш рет электрондық форматта өтеді. Қосымша ақпараттармен welcome.kaznu.kz сайты және Instagram (@kaznu_talapker), Telegram (Kaznu_Talapker), Facebook (Kaznu Talapker), TikTok (Kaznu talapker) желілеріндегі арнайы парақшалар арқылы танысуға болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі