Жаңалықтар

ҚазҰУ-да екпе алғандар Ыстықкөлге барып қайтты

02.08.2021

Қазіргі сәтте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамының 50 пайызы (1142), қызметкерлердің 44 пайызы (843), ал студенттердің 22 пайызы (4001) екпе алды. ЖОО-дағы студенттер арасында коронавирусқа қарсы вакцина алу акциясы аясында 100 студентке жатақханаға орналасу үшін 50 пайыз жеңілдік берілді.

Оқытушы-профессорлар құрамы мен қосалқы персоналдарға әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік көмек көрсетіліп, қызметкерлерге арналған жатақханадан орын берілді.

Екпе алушылардың барлығына, оның ішінде 4001 студентке имидждік өнімдер, спорттық костюмдер, кітаптар таратылды. 40-қа жуық оқытушы-қызметкерлер мен студенттерден құралған алғашқы топ тегін жолдама алып, Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагеріне барып қайтты.    

Екпе алушылар үш күн бойы суға шомылып, таза ауада серуендеді. Жастар түрлі ойындар ұйымдастырып, өз өнерлерін ортаға салды. Бірі әуелете ән шырқаса, енді бірі жыр шумақтарынан шашу шашты. Ал ұстаздар қауымы көшбасшылық қасиеттерді дамыту, уақытты тиімді пайдалану тақырыптарында семинар-тренингтер өткізіп, тұлғалық дамудағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

ҚазҰУ қызметкері Нұрбек Нұржанұлы: «Тұмса табиғат аясындағы демалыс баршамызды бір серпілтіп тастады. Қарбалас тіршіліктен бір сәт сергіп, тамаша көңіл күйге бөлендік. Керемет демалыс үшін университетке мың алғыс!» – деген жүрекжарды пікірін білдірді.

         ҚазҰУ-да қыркүйек айында 1-15 шілде аралығында екпе алған оқытушылар мен білім алушыларға университет асханасына бір айға талон беріліп, қосымша қоғамдық көлікте жүру ақысы төленеді. Сондай-ақ тіл үйрену курстарына сертификат тарту етіледі. Жақын күндері екінші топ Ыстықкөлге демалысқа аттанады.