Жаңалықтар

Абай ілімі барлық мамандықта оқытылады

12.08.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай күніне орай «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» атты II республикалық онлайн-конференция өтті. Абай ғылыми-зерттеу институты мен шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараға белгілі ғалым-ұстаздар, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Алқалы жиынды Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебайұлы ашып, институтта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Ол абайтану саласында қалыптасқан ғылыми мектептер мен ғалымдар еңбектері негізінде ғылыми электронды база – Абайтану таңдамалы еңбектерінің 50 томдығы жасалғанын және оның құрамдас саласы «Абайтану» антологиясының 10 томдығы «Қазақ унииверситеті» баспа үйінен жарыққа шыққанын мәлімдеді. Бұл еңбектер қазіргі таңда университет кітапханасы, Абай институты мен баспа сайты арқылы оқырмандарға ұсынылуда. Ал электронды база толық қолжетімді болу үшін ресми түрде ашылу жоспарланып отырғанын алға тартты.

Сонымен қатар ғалым өз баяндамасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай мұрасын ЖОО-да оқыту туралы тапсырмасына сәйкес, оқу орнының Ғылыми кеңесі шешімімен барлық мамандықта «Абай ілімі» оқу пәні оқытылатынын жеткізді. Білімгерлерге таңдауға ұсынылатын бұл пән адам тіршілігіне қатысты барлық мәселелерді қамтып, «Абай ілімі туралы түсінік», «Абай ілімінің қайнар көздері», «Абай ілімінің құрамдас бөлімдері», «Абай ілімінің категориялары», «Абай ілімінің өлшеу құралдары», «Абай ілімінің мәні мен маңызы» тарауларынан тұратын болады.

Конференция барысында қазақстандық белгілі ғалымдар – Д.Ысқақұлы, А.Еспембетов, Т.Тебегенов, З-Ғ.Бисенғали, Ә.Тарақов, А.Жақсылықов, Қ.Мәдібай, Т.Есембеков, А.Салқынбай, Р.Әбдіқұлова, С.Жусанбаева, С.Өтениязов, Қ.Қарабаева, А.Мәуленов, Л.Мұсалы баяндама жасап, ақынның шығармашылық мұрасы мен ілімін заманауи ғылыми парадигмалар тұрғысынан талдап көрсетті.

Сондай-ақ қатысушылар Абайдың шығармашылық тұлғасы және тағылымы, ақын мұрасының ерекшелігі, Абай ілімінің негізгі ұстанымдары және оның қазіргі руханияттағы орны мен маңызы мәселелері төңірегінде пікір білдіріп, ой толғады. Абай ҒЗИ вебсайтынан электронды көрме көрсетіліп, ақын мұрасы жастарға кеңінен насихатталды. Өз кезегінде жас зерттеушілер мол мағлұматқа қанығып, рухани азық алғандарын айтып, алғыс білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі