Жаңалықтар

Баспасөз қызметі жаңа бағытқа көшті

21.08.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспасөз қызметі жоғары оқу орнының оң имиджін қалыптастыру және танымалдылығын арттыру мақсатында жаңа бағытта жұмыс істей бастады.

Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментінің құрамына Корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасы, www.kaznu.kz  сайты редакциясы, «Qazaq universiteti» газеті, Әл-Фараби теле-радио студиясы кіреді. «Qazaq universiteti» газеті жеке редакция ретінде жасақталып, жаңа форматта жарық көре бастады. www.kaznu.kz сайты жаңартылу үстінде, жақын күндері жаңа үлгіде, замануи мүмкіндіктермен ақпарат таратуға кіріседі.

БАҚ өкілдерімен және білім ордасы ұжымымен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін департамент қызметкерлерін таныстырып, мақсат-міндетімізбен бөлісіп қоюды жөн санап отырмыз.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ – Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі. Қазақстан Журналистер одағы, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» және Халықаралық Жамбыл қорының «Жамбыл»  сыйлығының иегері. Президенттің Алғыс хатымен, ТҮРКСОЙ ұйымының, Еуразия Жазушылар қауымдастығының баспасөз саласындағы арнайы жүлдесімен марапатталған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Тәуелсіздік тудырған таланттар» және Қытай Халық Республикасында «Танымал әннің тарихы» кітабы жарық көрген. Республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері.

«Айқын» республикалық газетінде Мәдениет, Ақпарат бөлімдерінің меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы (Баспасөз хатшысы) қызметтерін атқарды. Қазіргі сәтте Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментінің директоры (Баспасөз хатшысы).

 

Алмат ИСӘДІЛ – Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментінің шеф-редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист. 

«Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақ-Британ техникалық университетінің редакциялық-баспа департаментінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы, «Алаш айнасы» газетінде Мәдениет бөлімінің редакторы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.            

Түріктің  Юнус Эмре сынды классиктерімен қатар, Еуропа, орыс поэзиясы өкілдерінің шығармаларын қазақшалаған, Олжас Сүлейменовтің орыс тіліндегі өлеңдерін ана тілінде сөйлетті. Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» мен «Жыр маржаны» деп аталатын қазақ поэзиясының 10 томдық антологиясы сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Жолдар, жолдар...», «Көңіл алаң», «Көкжиекке сіңген жол», «Бір тамшы», «Аспантау» өлеңдер жинағының авторы.

 

«Qazaq universiteti» газеті

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың төл басылымы – «Qazaq universiteti» газетінің тарихы 1948 жылдан басталады. Газеттің негізгі бағыты – университеттегі басты жаңалықтармен, қоғамдық-саяси, тәлім-тәрбиелік маңызы бар іс-шаралармен, оқу-әдістемелік жұмыстармен білім ордасының қызметкерлерін, ұстаздар мен студенттерді таныстырып отыру. Сонымен қатар университеттегі жазуға бейімі бар студенттердің шығармашылығын насихаттау.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың тікелей қолдауымен «Qazaq universiteti» газетінің редакциялық құрамы толықтырылып, наурыз айынан бері жаңа құраммен жұмысын жалғастырып келеді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлнар Тәжиева «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы қызметіне кірісті. Гүлнар Жұмабайқызы ұзақ жылдар бойы республикалық «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде тілші, бөлім редакторы, жоғары санатты шолушы, тілшілер қосынының жетекшісі қызметтерін атқарған. «Ел тірегі – экономика», «Өмір өткелдері» кітаптарының авторы.

«Qazaq universiteti» газетінің жауапты хатшы – дизайнері Талғат Кіршібаев БАҚ-та 23 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ол «Ақиқат», «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында, «Жетісу», «Айқын», «Алаш айнасы», «Түркістан» газеттерінде дизайнер-верстальщик, жауапты хатшы қызметтерін атқарған.

 «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі Қайыржан Төрежанов «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Юридическая газета» республикалық басылымдарында тілші, «Айқын» газетінде бөлім редакторы қызметтерін атқарған. Қайыржан Рахымбайұлының әскери және мемлекеттік қызметте де мол тәжірибесі бар. Ол қазақ және орыс тілдерінде мақала жазады. Бірнеше кітаптың авторы. Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері.

«Qazaq universiteti» газетінің корректоры Күләш Қадырбаева өз ісінің білікті маманы. Бұған дейін «Zaman-Қазақстан» газетінде тілші, «Информ-А» баспасында редактор, «Дала» журналында жауапты хатшы, «Айқын», «Алаш айнасы», «Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам», «Заң газеті», «Жас Алаш» газеттерінде корректор, аға корректор болды.

Тілші Досжан Балабекұлы да журналистика саласы қызметтерін жан-жақты меңгерген. Бұған дейін «Qazaq universiteti» газетінің беттеушісі, «Айқын» газетінің веб-сайт редакторы, «Qazaq universiteti» газетінің бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС веб-сайт редакторы қызметтерін атқарған. Досжанның фотоөнерге қызығушылығы аса жоғары. Ол «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Оның түсірген сапалы фотолары республикалық басылымдар мен сайттардың шырайын кіргізіп жүр. Досжан – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тілші Кәмила Дүйсен бұған дейін  7kun.kz ақпарат агенттігінде редактор, «Айқын» газетінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарған. «Қазақ тіліндегі инновациялық тақырыпқа байланысты ең үздік материал» байқауының жүлдегері. Кәмила Еркінқызы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тілші Нұрбек Нұржанұлы ««Qazaq universiteti» газетінде корректор, «Қазақ радиосында» диктор, корректор, «Абай тв» арнасында редактор-сценарист, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық театрында менеджер қызметтерін атқарған. Нұрбектің «Мұң Ай» жыр жинағы мен балаларға арналған «Кәусар бұлақ» әңгімелер жинағы жарық көрген. «Жыр маржаны» поэзия антологиясына өлеңдері енген. Нұрбек Нұржанұлы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде 1-орын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 3-орын иегері. Республикалық «Алтын қалам» байқауында «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының жүлдегері. Республикалық «Қазақ пен қала» әдеби байқауының 1-орын иегері.

Редакция ұжымы бірқатар жоба-жоспарды іске асыруға қызу кірісіп кетті. Университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен инновациялық жобаларын тұрақты таныстырып отыру – басты нысанда. «Маңызды мезет» айдарымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған материалдар топтамасы ұсынылып келеді. Онда білім ордасының ел егемендігіне қосқан үлесі сараланып, бағындырған белестері баяндалады. «Инновация» айдарында ҚазҰУ-да білім алып, жұмыс істеп жатқан жас ғалымдар жаңалығымен бөліседі. «Кемел» айдарымен кейінгі ұрпаққа өсиет айтар алдыңғы толқын ғалым-профессорлармен, оның ішінде шетелдерден университетке арнайы шақыртылған мамандар және меценаттармен кең ауқымды сұхбаттар жасалады. «Менің университетімде» білім ордасының танымал түлектері студенттік шақтағы жылы естелігі мен қол жеткен жетістіктері жайлы әңгімелейді. «Біздің болашақ» айдарында «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің алдыңғы қатарлы білім ордаларында тағылымдамадан өткен ҚазҰУ түлектері мен қызметкерлерімен әңгімелесіп, аталмыш бағдарламаның тиімділігі насихатталады. «Көкжиекте» ҚазҰУ және шетелдік білім ордаларымен байланысты түрлі бағдарламаларды студенттерге таныстырып отыру көзделген. Бұл айдарларда жарық көрген материалдардың барлығы алдағы уақытта жинақталып, жеке кітап ретінде оқырман назарына ұсынылады.

«Qazaq universiteti» газетінің алдағы уақытқа бұдан да басқа жоба-жоспарлары баршылық. Ғылым-білімге, танымдық материалдарға ерекше мән беріліп, университет абыройын асқақтату – басты мақсат. Оны іске асыру тек уақыт еншісінде.

 

 

Корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасы

 

Университет танымалдылығының артуы мен имиджінің нығая түсуінде Корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасының  атқарар рөлі зор.

Жетекші білім ордасының күнделікті жаңалықтары мен тыныс-тіршілігінен жедел әрі сапалы ақпарат жариялау әрі ұжымдық және республикалық БАҚ-та насихаттау үшін қызметкерлер үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқаруда.

Корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы қызметін 2015 жылдан бері Гүл БАЯНДИНА атқарып келеді. Гүл Құттыбекқызы 1994 жылдан бері тележурналистика саласында – «31-арна», «НТК», «КТК», «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында «Жаңалықтар» бөлімінде тілші, редактор, жүргізуші, сценарист, бас редактор ретінде, сондай-ақ банк, фармацевтика компаниясында баспасөз хатшысы, PR-менеджер ретінде қызмет етті.

2000 жылы автор ретінде «КТК» телеарнасында «Шарайна» ақпараттық-сараптамалық телебағдарламасын ашты. 2003 жылы аталмыш бағдарлама ҚР Экономика министрлігінің байқауында «Үздік экономикалық телебағдарлама» номинациясында 3-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Гүл Құттыбекқызы «Қалам қаржы-2008» байқауында «ҚР қаржы нарығының дамуын баяндайтын үздік телебағдарлама (сюжет)» номинациясы бойынша 3-орын иегері. 2004 жылы АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америка Құрама Штаттарына кәсіби жұмыс сапарымен барып,  тәжірибе алмасты. Сапар барысында оған және әріптестеріне «Техас штатының құрметті азаматы» деген куәлік берілді.  

Әйгерім  ӘЛІМБЕКОВА – ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

«Qazaq universiteti» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, кейін бас редактор қызметтерін жауапкершілікпен атқарды. Апталық газет жұмысын тиімді үйлестіріп, университетте өтіп жатқан жаңалықтар, әр түрлі тәлім-тәрбиелік маңызы жоғары шаралармен оқу орны қызметкерлері, ұстаздар мен студенттер қауымының дер кезінде танысып отыруына атсалысты. Жұмыс барысында білім ордасындағы жазуға бейімі бар жастарды газет жұмысына тарта отырып, олардың шығармашылығының шыңдалуына ықпал жасай білді.

Сондай-ақ түрлі жылдары «Қазақстан», «Мәдениет» телеарналарында сценарист, «Білім», «Арыс» «Қазақ энциклопедиясы» баспаларында әдеби редактор, бөлім редакторы ретінде белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар еңбегінің, мектеп оқулықтарының сапалы әрі сауатты  жарық көруіне қызмет етті.

Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметінің бас маманы.

Светлана ӨМІРҒАЛИЕВА – Корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасының жетекші маманы. «NZ» баспаханасы мен «Две столицы» баспа үйінде,  «Антенна» газетінде, «Дома и интерьеры» журналында сұхбаттар мен танымдық мақалалар дайындады.

2008-2009 жылдары «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» компаниясында PR-менеджер болып жұмыс істеді, «Дала дауысы» ұжымдық газетін шығарды.

Сондай-ақ «Кенгуру», «Сезон», «ELLE Kazakhstan» журналдарында, Atameken Business Channel порталында жұмыс істеп, «Өмір салты» айдарына материалдар ұсынып тұрды.

2019 жылдың қараша айынан бері ҚазҰУ-дың Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментінде жетекші маман қызметін атқарып келеді.

Балнұр ОМАР –  2013–2017 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті, тіл білімі кафедрасында "Қазақ филологиясы" мамандығы бойынша білім алған. «ГИСХАГИ» ғылыми-зерттеу институтында аудармашы-редактор,  Құрманғазы атындағы ҚҰК  ғылыми-зерттеу бөлімінің менеджері міндеттерін атқарса, бүгінгі күні Корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасының жетекші маманы.

Айнұр АҚЫНБАЕВА – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, еңбек жолын білім ордасының «Қазақ университеті» газетінде тілші қызметінен бастаған.  «Түркістан», «Жас қазақ» басылымдарында тілші ретінде штаттан тыс жұмыс істеп, Қазақстан ұлттық арнасында тәжірибе жинақтады. ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметінің жетекші маманы.

 

WWW.KAZNU.KZ  сайты

Анар БЕКБЕРГЕНОВА - Ақпарат және коммуникациялар басқармасының басшысы (www.kaznu.kz сайттың бас редакторы). КИМЭП университетінің қос дипломы бар. Harper's Bazaar халықаралық журналының тілшісі, MTC KAZAKHSTAN промоутерлік компаниясының PR-маманы, SPORTTIME.kz басылымның журналисі, SMM компаниясының маманы.

Малика НҰҒМАН – графикалық дизайнер. Веб-сайт пен әлеуметтік желіні безендіріп, SMM медиа жоспарын қамтамасыз етеді. Еңбек жолын енді бастаған жас маман бос уақытында геимдизайнмен айналысады және сурет салғанды ұнатады.

Олжас ӘДІЛҒАЗИЕВ аудармашы. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. Бірізді, жазбаша және ілеспе аударма машықтарын меңгерген. «Time 2 Study» білім беру орталығының негізін салушы.

Олжас түрлі салада аудармашы, SMM маманы, кеңесші болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған.

ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар басқармасында ақпараттар мен құжаттарды ағылшын тіліне тәржімалаумен айналысады. 

 

 

ӘЛ-ФАРАБИ ТЕЛЕ-РАДИО КЕШЕНІ

 

 Дәурен МҰХАМЕДЖАНОВ – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры (2015 жылдан).

 «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық Бағдарламалар Дирекциясы Алматы бюросының жетекшісі (2012-2013), Алматы қаласы әкімдігінің «2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындары дирекциясы» МКҚК  директорының орынбасары, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры (2009-2011) қызметтерін атқарған.

 «Дизайнердің көркемдік шығармашылығы» оқу құралының авторы (2019) және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені – толық жабдықты медиа продакшн» анықтамалық альбом-топтамасы жарық көрді (2020).

Д. Мұхамеджанов ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» алтын медалімен (2019); ҚР АжҚДМ «Ақпарат саласының  үздігі» төсбелгісімен (2016); Қазақстан Жастар Одағының «Серпер» сыйлығы, медалімен (2010) марапатталған. 

Еуразиялық Дизайнерлер Одағының (2012 жылдан) және Қазақстан Дизайнерлер Одағының (2020 жылдан) мүшесі. 

 

Бақыт ҚҰРМАНБЕКОВ - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені «Әл-Фараби» радиостудиясының меңгерушісі – бас дыбыс режиссері (2009 жылдан).

2006-2007 жылдары «Arman production» студиясының дыбыс режиссері; 2007-2008 жылдары Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы студиясының дыбыс режиссері; 2007-2009 жылдары  «31 канал» ЖШС дубляжының дыбыс режиссері;  2009 жылы «Хабар» АҚ дубляжының дыбыс режиссері, «Жастар TV» бейнефильмдерінің бейнережиссері; 2010 жылы «Шакен жұлдыздары» кинофестивалінің дыбыс режиссері болып қызмет атқарған.

Б. Құрманбеков БҰҰ Алматы бюросының фильмдерін қазақ тіліне дыбыстауды ұйымдастырғаны үшін ЮНЕСКО-ның Алғыс хатымен (2015),  ҚазҰУ-дың «Ерең еңбегі үшін» Алтын медалімен (2020) марапатталған.

 

Марат ЖҮНІСБЕКОВ – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені «Әл-Фараби» фотостудиясының меңгерушісі (2014 жылдан).

2000-2014 жж. «Дәуір», «Иман», «Ислам және Өркениет» журналдарының, 2004 ж. «Закон и правосудия» газетінің фототілшісі болып қызмет атқарған.

Сауд Арабиясының «Үздік өнер иесі» фотоөнер медалі (2007 ж.); Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Құрмет грамотасын» иеленген (2019 ж.).

2017 жылы БҰҰ мен ЮНЕСКО халықаралық ұйымдарының фототілшілер байқауына қатысып, әлемдік фотоөнер шеберлерінің ең үздіктері қатарына еніп, «ЮНЕСКО-ның фотографы» куәлігі мен төсбелгісі тапсырылды.

Мұстафа ӨСЕР – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенін бейнеоператоры (2018 жылдан).

1987-1997 жылдары «Қазақтелефильм» студиясында кинооператор, 1997-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінде видеооператор, 2016-2018 жылдары «Qazaqstan» телеарнасында бейнеоператор болып жұмыс істеді.

Мұстафа Өсер – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының (1992), Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың (1995) лауреаты, Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі.

Бақытнұр Әбдікерім – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің бейнеинженері – 3D дизайнері (2018 жылдан).

Бақытнұр 2008-2010 жылдары ҚХР, ШҰАР Іле-қазақ облысы Құлжа ауданы Жырғалаң ауылдық әкімдігінде IT-маманы, Қазақстанға оралған соң, 2017-2018 жж. Қазақстан. Алматы қаласындағы «Zhuldyz-TV» телеарнасында бейнеинженер, 3D дизайнер болып қызмет еткен.

Самат ИРАНБЕК – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің бейнеинженері – 3D дизайнері (2021 жылдан).

Білімі жоғары. 2014-2018 жж. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алған.

2019-2020 жылдары Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бейнеоператор-монтажері, 2020-2021 жылдары Жамбыл облыстық «77» телеарнасында монтаждаушы болып еңбек еткен.

 

Еркебұлан НҰРДӘУЛЕТ – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің  бейнеоператоры (2021 жылдан).

2014-2017 жылдары «Ds dastur» студиясында бейнеоператор-монтаждаушы, 2017-2021 жылдары «Alan production» ұжымында бейнеоператор-монтаждаушы қызметін атқарған.