Жаңалықтар

Бас редактор шеберлік сабағын өткізді

23-там-21

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедра студенттері «Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық газетінің бас редакторы Әлия Майсейітовамен онлайн шығармашылық кездесу өткізді.

Баспасөз конференциясы форматында өткен жиынға «Әскери журналистика» мамандығы бойынша оқитын білім алушылар қатысып, түрлі тақырыптарда пікір алмасты.

Бас редактор «Сарбаз» газетінің тарихы, мерзімді басылымның даму келешегі және қоғамдағы әскери-патриоттық тақырыпты насихаттаудың маңызы туралы әңгімеледі. Қызықты әрі еркін форматтағы жүздесуде жастар тәжірибелі маманмен пікір алмасып, өз ойларын да ортаға салды. Әлия Майсейітованың жетістікке жету жолы жайлы әңгімесі жастардың қызығушылығын оятып, ынталандыра түсті. Қатысушылар БАҚ-тың болашағы, журналистік қызметтің мәселелері мен ерекшеліктерін кеңінен талқылады.

Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы мен «Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық газеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Болашақ әскери журналистерді сапалы даярлауды жүзеге асыру мақсатындағы уағдаластық аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылып келеді. Алдағы уақытта да «Сарбаз» газетінің бас редакторы мен қызметкерлері әскери кафедра студенттерімен қазіргі заманғы журналистика тақырыбында шеберлік сағаттарын тұрақты өткізбек.

Жиын соңында әскери кафедра басшысы, запастағы полковник О.Ажимов шараға атсалысқан ең белсенді жастар – Надир Жамантай, Аида Аутова, Санжар Самархан, Анар Ахметова және Ақниет Жұмағазиевтарды ерекше атап өтті.