- Негізгі бет
- Жаңалықтар
КОНСТИТУЦИЯМЫЗБЕН МАҚТАНАМЫЗ
25.08.20211995 жылдың 30 тамызынан бері біз Конституция күнін ұлы мереке ретінде мақтанышпен атап өтіп келеміз. 30 тамыз мемлекет өмірінде ерекше атаулы күн болып табылады. Бұдан 26 жыл бұрын Қазақстан халқы Республиканың мемлекеттік және қоғамдық құрылысының негізін қалаған мемлекеттің Ата заңы – ҚР Конституциясын қабылдады. Бұл күні көпұлтты Қазақстан халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Конституцияның қабылдануына бірыңғай дауыс бере отырып құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдады. Қазақстанның біртұтас халқының тікелей ерік білдіруімен дүниеге келген бұл тарихи акт Республикамызды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, адамның конституциялық құқықтық жүйеде алатын орнын нақтылап берді. Қазақстан халқы тиісті Конституцияны қабылдай отырып өзінің мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатындығын жариялады, өзінің егемен құқығын жүзеге асырды.
Республикалық референдумда көп ұлттық құрамды халықпен бірауыздан қабылданған бұл Конституцияның мемлекет өмірінде алатын орны зор. Ол мемлекеттің негізгі заңы ретінде бүкіл құқықтық жүйенің фундаменті, ядросы әрі оның дамуының қайнар көзі болды. Оның негізінде экономиканы, саяси, әлеуметтік саланы реттеуге арналған қолданымдағы және болашақ заңнама қалыптасып, дамыды. Басқаша айтқанда, орасан зор әлеуетке ие Конституция мемлекеттік тетіктің, қоғамның барлық салаларының қызметін реттеуге және қамтамасыз етуге бағытталған тұтастай құқықтық жүйенің қалыптасуының берік және тұрақты тірегі болды. ҚР Конституциясы әр түрлі саяси күштермен қатар қоғамды біріктірген маңызды саяси-құқықтың құжат болып табылады.
1995 жылғы Конституция республикамыздың басқару нысаны мен мемлекеттік құрылым нысанын анықтай отырып мемлекеттік тетіктің, саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйенің ұйымдастырылуы мен қызмет етуінің негіз қалаушы қағидаларын бекітті, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Ең бастысы, конституциялық деңгейде алғаш рет Республика қызметінің түбегейлі қағидалары ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу қағидалары анықталып, реттелді. Бұл Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың және қамтамасыз етудің ең жоғары әрі қуатты құқықтық негізі болып табылады.
1995 жылы 30 тамызда Республика халқымен қабылданған Конституция республикамыздың қоғамдық, саяси жүйесі үшін жаңа болып табылатын демократиялық институттарды құрды, тұңғыш рет Қазақстан өмірінде екі палатадан тұратын, тұрақты негізде жұмыс істейтін парламентаризмнің іргетасын қалады; адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары қазынасы ретінде бекіткен Конституцияның бұзылмауына, сақталуына қызмет ететін конституциялық қадағалау институтының жаңа үлгісін бекітті. Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалыптастырудың, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен іске асырудың, мемлекетімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді, татулықты орнықтырудың негізгі алғышарты болып табылады.
Биыл 30 тамызда Қазақстан Республикасының қолданымдағы Конституциясының қабылданғанына 26 жыл болады. Тарихи тұрғыда алып қарағанда, 26 жыл көп уақыт емес. Осы уақыт аралығында республика Конституциясы уақыт сынынан сүрінбей өтіп өзінің заман талабына лайықты екендігін дәлелдеді. 26 жыл ішінде Республика Конституциясы мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің қарқынды дамуының, мемлекеттің саяси және қоғамдық құрылысының тұрақты орнығуының басты құқықтық кепіліне айналды. Республика Конституциясын жас та болса нақты даму бағытын ұстанған тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болды деп айтуға болады. Тиісті актінің негізінде Қазақстан бүгінде әлем мемлекеттерінің қатарынан өзінің орнын таба білген, өркениетті әрі болашаққа сеніммен қараған мемлекет ретінде танылып отыр. Қабылданғанына салыстырмалы түрде көп уақыт өтпесе де Қазақстан Республикасы әлем мемлекеттері алдында өзінің буыны қатқан, негізі берік тұғырлы, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін Конституциясымен мақтана алады.
А.Ж. ЖАРБОЛОВА
з.ғ.к., ҚазҰУ аға оқытушысы