Жаңалықтар

Індеттің таралуын тежеудің жалғыз жолы – екпе алу

25.08.2021

Әлемді шарлаған COVID-19 індетіне қарсы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екпе алудың қажеттілігіне байланысты бірқатар іс-шаралар қамтылды. Бұл індеттің таралуын тежеудің жалғыз жолы тек екпе алу екенін түсінген факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері екпені толықтай алып, ОПҚ мен білім алушыларға үлгі боларлық қадам жасады.

Күн сайын факультеттер екпе алғандар туралы ақпараттарды толықтырып, тәрбие департаментіне жолдап отырады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушы-профессорлар құрамының 82 пайызы екпе алып, көш бастап тұр. География және табиғатты қорғау факультеті мен биология және биотехнология факультеттері де алдыңғы қатарда болып, ОПҚ мен білім алушылар арасында тыңғылықты жұмыстар жүргізуде.

Сол сияқты заң, биология және биотехнология, филология факультеттерінің докторант, магистранттары мен бакалавр студенттері екпе алу жұмысын қарқынды түрде арттыруға насихаттау жұмыстарын жүргізуде.

Жазғы демалыс уақыты болғанына қарамастан, ОПҚ мен жастар ұйымдарының белсенді студенттері бірігіп 171 шара өткізді. «Алматы» телеарнасында медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушылары сұхбат берсе, куратор-эдвайзерлер кураторлық сағаттарын өткізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жазып, екпе туралы бейнероликтер түсіріп, тынбай еңбек етуде.

Жастар ұйымдары түсірген бейнероликтердің негізгі айтар ойы –пандемия жағдайында онлайн оқуда туындаған қиыншылықтарды көрсетіп, тығырықтан шығудың, бүкіл әлемге тараған дертті жеңудің тек қана бір амалы – екпе алу екенін түсіндіру.

«Елдің амандығын тілесеңіз – өзіңіз де екпе алып, туыс-туғанға да салдырыңыз. Бізде бұл вирусқа қарсы екпеден басқа қорғаныс жоқ. Екпе адамды, елді, бүкіл адамзатты құтқарады.

Ұжымдық иммунитет қалыптастырсақ қана сүйікті ҚазҰУ-ымызға, студенттік өмірге қайта оралып, алға қойған мақсаттарымыз бен ірі жобаларымызды іске асыра аламыз» деген сеніммен өздерінің азаматтық позицияларын көрсетуге тырысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі