Жаңалықтар

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

30.08.2021

Сіздерді 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл Ата заңымыздың төл мерекесі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында атап өтілуде.

Конституциямыздың негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Қазіргі кезеңдегі қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың конституциялық нормалары – бүкіл Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін дәйекті даму мен жаңғыру үдерістерінің негізі» деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды», – дей келе, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап, азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыруға сенім білдірген еді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата заңы – елдік пен егемендіктің алтын темірқазығы, жарқын болашағымыздың кепілі. Мемлекетіміздің тарихи дамуының іргетасы ғана емес, ол барлық заңдардыңбастауы, тәуелсіздігіміздің басты тірегі екені сөзсіз.

Осы ретте Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев бастаған ҚазҰУ-дың заңгер-ғалымдары ел егемендігінің заңды негіздерін қалауға тікелей қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ танымал түлегіміз Иван Рогов ұзақ жыл ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы ретінде Ата Заңымыздың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге атсалысты. Қазір бұл жауапты қызметті Түлектер қауымдастығының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Қайрат Мәми жоғары деңгейде атқарып отырғаны білім ордасы үшін айрықша мақтаныш.

Бүгінгі күні біздің университетіміз Конституция аясында мемлекет жүктеген міндеттемелерді  тиімді іске асырып, заман талабына сай жаңа бағытта даму үстінде.

Тағылымы мол терең тарихы бар оқу орнымыз уақыт өткен сайын биік белестерді бағындырып, білім, ғылым кеңістігінде өз орнын айшықтай түсуде. Алдағы уақытта да халықаралық байланыстарын күшейтіп, әлемдік рейтингте алдыңғы қатардан көрініп, ел болашағына қызмет ететін интеллектуал жастарды тәрбиелеу ісінде іргелі қадамдар жасай бермек.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Ата заңымыз мәңгілік болсын!

 

Құрметпен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 

Басқарма Төрағасы – Ректоры  Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ