- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Білімге құштар жастарға есігіміз ашық
01.09.2021
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, магистрант-докторанттары, студенттер!
Баршаңызды 1- қыркүйек – Халықаралық Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында оқуға қабылданған 1-курс студенттері, отандық білім мен ғылымның қарашаңырағына қош келдіңіздер! Магистратура, докторантураға құжат тапсырып, ғылымға қол созған жастарға да зерделі ізденіс, қайтпас жігер, мол табыс тілеймін.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында жас ұрпаққа айрықша қайырылып: «Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос», – деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар», – деп зор сенім артқан еді. Білім мен ғылымға бет бұрған жастар осы ғибратты әрдайым жадында ұстайды деген үміттемін. Өздеріңізге белгілі, биылғы маусым ерекше, өйткені барлығымыз осы күнді асыға күттік.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пандемия кезіндегі қашықтан оқу білім сапасына кері әсерін тигізгендіктен, оқушылар мен студенттерді дәстүрлі оқу жүйесіне қайтаруды тапсырған болатын. Оқытудың дәстүрлі форматына көшу барлығымыздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап біз университетіміздегі оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсірдік.
Атап айтсақ, оқытушы жалақысы – 38%-ға, аға оқытушыныкі – 75%-ға, доценттікі – 88%ға, профессордың жалақысы 163%-ға артты. Бұдан былай ҚазҰУ оқытушысы– 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алатын болады.
Бұдан бөлек, менің нұсқауыммен ҚазҰУ-да әр жарты жыл сайын Scopus мәліметтер базасының журналдарында мақала жариялаған авторларға қомақты қаржылай сыйақы берілетін болды. Республикалық беделді ғылыми танымдық газет-журналдарда мақаласы жарық көрген оқытушыларға да жылына екі рет арнайы бонустар төленеді. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қоғамның әр саласына бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлап қана қоймай, әлемдік деңгейдегі ұлттық зерттеу университеті деңгейіне көтерілу мақсатын алға қойып отыр. Кемел келешекке жол ашып, бұл межені сіздер мен біз бірге бағындыратын боламыз.
Биылғы жылы ҚазҰУ-ға мемлекеттік грант алуға үміткерлер саны 3 еседей өсті. Магистратураға қабылданғандар саны – 1598 адам. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артық. Жалпы, білім ордасы биыл, шетелдік азаматтар мен докторантураны қоспағанда, 6440 студентті оқуға қабылдады. «Алтын белгі» иегерлерінің саны да көңіл қуантарлық, өткен жылы 508 үздік мектеп бітіруші, биыл 737 озат оқушы ҚазҰУ студенті атанды. 119 жаңа білім беру бағдарламасы ашылды.
Жаңа оқу жылындағы айта кетер жаңалығымыз – бірқатар оқу ғимараты мен жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылысы аяқталмаған нысандар жоспарға сай пайдалануға берілетін болады. Университет оқытушы-профессорлар құрамына қолдау көрсетіп, әр студенттің өрісін ашып, қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасайды. Жаңа оқу жылы құтты болсын! Ұлы мақсаттар жолында табысты болыңыздар!
Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор