Жаңалықтар

Жолдау жан-жақты сараланды

03.09.2021

 

 

 

 

Жолдау сабақтастықтың сақталуын талап етеді

Президент Жолдауында тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының оңай болмайтынын атай келе, қазіргі қиын-қыстау кезеңде атқарылатын іс-шараларға жеке-жеке тоқтала келіп, жыл аяғына дейін мемлекеттік бюджеттік қаражатты басқару тұжырымдамасын дайындауды, Ұлттық банк пен  Үкіметке инфляция деңгейін 4-6 пайыз қайтаруды тапсырды.Қазіргі қиын кезеңде атқарылатын іс-шараларды тарқата келе, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының 2022 жылға жалғасатынын, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімі 2022 жылға ұзартылатынын жеткізді.
Алдағы уақытта ерекше назарда болатын  білім, ғылым, денсаулық сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеруге тікелей қатысты негізгі мәселелерге тоқтала келіп, 2025 жылға дейін 2000 мектеп салынады, сапалы білім беруге 1,2 триллион теңге бөлінеді, вакцина қолжетімді болатынын, сондай-ақ азық-түлік бағасын өндірушілерден бастап бірыңғай баға орнату қажет, азық-түлік бағасын бағалауға жауапты мемлекеттік реттеу жүргізу тапсырылатынын айтты. Мемлекет басшысы сонымен қатар «2022 жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге өседі.

Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 20 пайызға артады, жетекші ғалымдарға еңбегіне лайықты еңбекақы төленеді, ғылым саласының нәтижесі үш жылдан бес жылға ұзартылады. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына сыйақы және грант беріледі, бірыңғай тұрғын үй жүйесі құрылады» деді. Сондай-ақ шикізаттың отандық өндірушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырылды.Электр энергиясының жетіспеушілігінен туындайтын мәселелер ашық айтылып, одан шығудың жолдарын қарастыру бағыттары да аталды. Өңірлердің дамуына назар аударып, мәселені түбегейлі шешу үшін батыл қадамдар жасау қажет екені де сөз болды. Одан бөлек, цифрландыру  бағытында IT мамандарын 100 мыңға жеткізу мақсаты қойылды. Ауыл шаруашылығында қабылданған бағдарламалардың сабақтастық таппай жатқаны да ескерусіз қалған жоқ.

Президент Жолдауы қазіргі жағдайдан шығудың жолдарын нақтылап, оның іске асуын қатаң талап етіп отырған құжат деп, ойымды түйіндегім келеді.

 

М.БАЙДӘУЛЕТОВ,

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ

ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БИЗНЕС ЖМ

ҚАРЖЫ ЖӘНЕ ЕСЕП КАФЕДРАСЫНЫҢ

АҒА ОҚЫТУШЫСЫ, Э.Ғ.К.



 


Білім мен ғылымды дамыту қалыс қалмады

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында елдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне талдау жасалып, алдағы атқарылар шаруалардың бағыт-бағдары берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауларында қашанда өзекті мәселелер көтеріліп, нақты іске асып отыратын. Бұл үрдіс қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезінде де жалғасын табуда. 

ҚР Президенті білім сапасын арттыру, ұстаздардың жалақысын көтеру, ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша үкіметке нақты тапсырмалар берді. Өткен жылғы Президенттің халыққа жолдауындағы тапсырмалар нақты орындалып жатыр. Мектепті айтпағанда, жоғары оқу орындарында да мұғалімдердің жалақысы біршама өсті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасы бойынша ЖОО ректорларына оқытушылардың жалақысын көтеру жөнінде тапсырма беріп, шектік жалақы көлемін белгіледі. Осы тапсырмалардың орындалғанына Президенттің  жолдауы алдында көзімізді толық жеткіздік. Өзім қызмет ететін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының бұйрығымен ұстаздар жалақысы бекітіліп, үлкен қуаныш сыйлады. ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың шешімімен енді Қазақ ұлттық университетінде оқытушы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алады. Сонымен бірге ректордың тапсырмасымен Scopus деректер базасының халықаралық рейтингтік басылымдарында мақала жариялаған 234 ғалым 74,8 млн қаржылай сыйақымен марапатталған болатын. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы жолдауында да мұғалімдерді қолдау саясаты жалғаса беретінін айтып, ғылымға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берді. «Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр. Осыған орай, апелляция институтын енгізу қажет деп санаймын. Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласы алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр», – деген Президент ғалымдарымыздың ғылыми жобаларды қысқа уақытта жоспарламай, нақты нәтижеге қол жеткізуге қажетті уақыт мәселесін шешті. Ғылыми кеңестерден әділдікті талап ету арқылы жас ғалымдарға үлкен үміт сыйлады. Президент жолдауында Қазақстандағы цифрландыру үрдісіне де қолдаудың жалғасатынын айтты. Пандемия кезінде еліміздің цифрландыру жүйесінде «Цифрлық Қазақстан» жобасының тиімділіктері мен кейбір кемшін тұстары анық білінді. Сол олқылықтарды, әсіресе елді мекендерді  интернетпен қамту мәселесін барынша шешуге тырысты. Пандемия кезінде электронды үкімет жүйесінің жұмысы барынша халықтың игілігіне қарай дами түсті. Қашықтан ЭЦҚ алу, биометрия бойынша тұлғаны тану жүйесі, мобильді электронды үкімет жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ коронавирусқа байланысты адамдардың статусын анықтайтын «Ашық» қосымшасы дәл уағында жасалған ұтымды жоба болды. Бұл жолғы жолдауында Мемлекет басшысы отандық жоғары санатты IT мамандарды әзірлеу керектігін айтты.

«Цифрландыру туралы ұлттық жоба аясында кем дегенде 100 мың жоғары санатты IT маман әзірлеуіміз керек. Экспорттық және цифрлық сала бойынша тауар қызметі 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн АҚШ долларына жетуі тиіс. Мемлекеттік секторды цифрландыруда осы және өзге де міндеттерді қайта қарастыру қажет. Бұл жердегі басты мәселе – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінде интеграцияның жоқтығы. Бұл сұрақ шұғыл шешім мен күрделі өзгерісті талап етеді», – деді мемлекет басшысы.Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі арасындағы интеграция орнату өте маңызды. Мемлекеттік мекеме ғана емес, түрлі қызмет көрсету, ұлттық компаниялар, денсаулық сақтау саласы, білім беру салалары ақпараттық жүйелерінің арасында интеграцияның болғаны жөн. Мысалы, әлі де қызметкердің еңбек кітапшасы қолмен толтырылады. Егер еңбек кітапшасы электронды үкімет жүйесіне қосылып, оқу орындарының ақпараттық жүйелерімен интеграцияланса, онда цифрлық еңбек кітапшасына қол жеткізе аламыз.

Ал жұмыс орнына, мектепке, университетке медициналық анықтама өткіземіз, оның орнына медициналық орталық пен жұмыс орнымыздың ақпараттық жүйесінде интеграция болса, онда бұл қағазбастылықтан да құтылатын едік. Президенттің осы жолғы тапсырмасы орындалса, осы сияқты көптеген мәселенің түйіні шешілер еді. 100 мың жоғары санатты IT маман әзірлеу – бізге берген Президенттің тапсырмасы. «Экспорттық және цифрлық сала бойынша тауар қызметі 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн АҚШ долларына жетуі тиіс» деген мақсат орындалуы үшін Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы айтқандай, IT бағытында білім беруде өндіріс орындарын тарту керек. Дуалды білім беру жүйесі даму үшін оқу орындарымен бірге ІТ бағытындағы компаниялар да көп болуы және жоспарды орындайтындай деңгейде дамуы қажет.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ІТ компанияларға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие берілетінін айтқан болатын. Ал Президенттің жолдауында бұл бағдарлама 2022 жылға жалғасатынын айтты. Бұдан ІТ компаниялары өз жобаларын жетілдіру үшін қаржылық көмекке әлі де қол жеткізе алатынын көруге болады. Бұл жолдаудағы білім мен ғылым, ІТ саласының дамуына қозғаушы күш болар тұстары. Бұдан бөлек, пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік тіл мәртебесі, саяси жаңғыру, адам құқықтары туралы Қ.Тоқаевтың көптеген бастамалары жарияланды.

Алдағы уақытта осы бастамалардың жемісін көреміз деген сенімдемін.

 

 

ҚҰРМЕТҚАН ТҰРДЫБЕК,

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ

АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА

АҒА ОҚЫТУШЫСЫ, Э.Ғ.К.

 

 

 

Білім – аса құнды капитал

Елдің егемендігі, бостандығы, еркіндігі – тәуелсіздіктің қасиетті нышаны. Еркін, азат елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси көзқарасы қалыптасып, барлық салада көшбасшылыққа ұмтылады. Бүгінде еліміз сол жолда нақты қадамдармен алға жылжып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ басты. Мемлекет басшысы кезекті Қазақстан халқына жолдауында алда тұрған маңызды бағыттарымыз бен мақсат-мұраттарымызды анықтап берді.

Қазір еліміз ғана емес, әлем үшін жағдай айтарлықтай ауыр. Оған бір ғана себеп – коронавирус пандемиясының салдары. Күн сайын эпидемиологиялық жағдайдың бағалау көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Бұл барлық елге үлкен қиындықтар алып келді. Экономикалық өсу көрсеткіштерін төмендетті. Денсаулық сақтау саласына айтарлықтай күш түсті. Білім беру саласында онлайн өмірді қалыптастырды. Иә, барлық салада онлайн жұмыстар жүріп жатқанымен, білім беру, ғылым салаларында бұл жұмыстардың дәстүрлі форматтағыдай болмайтынына тағы бір рет көзіміз жетті. Бұл қиындықтарды да кезең-кезеңмен еңсерерміз. Президент осы мәселелерді жолдауында «Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема – нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды», – деп атап көрсетті.

Білім күнінде президент тапсырмасымен оқушылар, студенттер, жас ғалымдар білім беру мекемелері мен оқу орындарында офлайнда жүздесті. Бұл сәтті шәкірт те, ұстаз да асыға күтті. Бұл әлеуметтік философиядағы шынайы өмірдің виртуалды өмірден әлдеқайда маңызды және құндылық екенін түсіндірді. Онлайн білім берудің пайдасы қосымша пәндер мен жеке қызығушылықтар үшін таптырмас мүмкіндік, ал, жалпы, білім алуда дәстүрлі форматтың жөн бөлек.

Білім – аса құнды капитал. Сондықтан білімге инвестиция салу өзіңді шыңдап қана қоймай, еліне, жеріне, Отанына қызмет ететін маңызды қадам екенін естен шығармау керек. Ең білімді мамандары бар мемлекетте өмір сүрудің барлық жағдайы тұрақты әрі сапалы болады. Ол сіз бен біздің денсаулығымызды, өмірімізді ұзартатын бірден-бір фактор. Сондықтан Президент жолдауындағы сапалы білім беру қағидаты әр уақытта маңыздан түспейтін жауапкершілігі мол міндет. Білім капиталы мықты елдің қай саласында да ілгерілеу болатыны анық. Сондықтан білім капиталын арттырып, ғылымға терең мән бергеніміз абзал. Өйткені ғылым – ұлт дамуының негізгі көрсеткіші.

Президент жолдауда: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн», – деп, тиісті министрлік пен ғылыми мекемелерге, оқу орындарына тапсырма жүктеді. Сонымен қатар ғалымдардың ғылыми жобаларына берілетін уақытты да арттыру керектігін баса айтты. Бұл маңызды шешім болды. Өйткені ғылыми жобаларды бір немесе бірнеше жылда аяқтап шығу асығыстық болатыны сөзсіз. Сондықтан бұл мәселеге Президент аса мұқият қарап, уақытын созуды жанашырлықпен жеткізді. Отандық ғалымдарымыз үшін бұл жақсы жаңалық болғаны сөзсіз.

Президент жолдауы – уақыт талабына сай жауап беретін маңызды құжат. Сондықтан оның әр бөліміндегі көтерілген мәселелер мен тапсырмалар ұлт ертеңі үшін атқарылатын нақты жол. Сол жолда жолымыз ашық, еңбегіміз жемісті болғай! Отандық білім-ғылым саласы дами түссін!

 

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

философия және саясаттану факультетінің оқытушысы

 

 

 

 


Жолдау – 2021: Сапалы білім еліміздің басты басымдықтарының бірі

 

Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. Мұны Президентіміздің «Менің бастамаларым- халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз, барлық қазақстандықтарға, ең алдымен, бізге, зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты», - деп атап көрсетті.

Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте ұстаздар құрамын бей-жай қалдырмайды. Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі Білім беру саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты сапалы мәселелеріне арналғаны қуантады.

«Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс.   Сонымен бірге, жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз.  Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді.   Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», - деп баса айтты Қ.-Ж. Тоқаев.   

«Министрлік білімді заманға бейімдеуі қажет», «білікті мамандар керек» деген уәждері үлкен міндет жүктейді.  Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз.

ҚР Президенті өткен жылы Үкіметке Педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын.

Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына, оқушыларға конкурссыз грант беру, жетекшілеріне материалдық қолдау көрсету  керектігіне назар аударылғаны да маңызды.

Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жағдай. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауынан кейінгі түйін – жоғары білім беру саласының алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Демек, академиялық қауымдастықтың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару. Осынау игілікті істердің нәтижелі болуына сенім білдіремін және өз үлесімді қосуға мүдделімін деп санаймын.  

 


Бегалиева А.К.,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы