Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тілдер апталығы басталды. Қазақстан халқының тілдері күніне орайластырылған дәстүрлі шара биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналып отыр.
Қарашаңырақтағы Тілдер мерекесі қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде бастау алды. Бұл күні филология факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйытқы болуымен белгілі алаштанушы ғалым, ф.ғ.д., Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісмақова студенттерге арнап «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы» атты көшбасшылық дәріс оқыды. Профессор ғалымның қоғамдық қызметі мен ғылыми зерттеулеріне талдау жасап, әдебиет теориясын дамытудағы рөліне ерекше тоқталды.
Апталық аясында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ұлықтауға және насихаттауға бағытталған көптеген тағылымдық шаралар өтпек. Атап айтсақ, «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық конференция, «Тіл – достықтың тірегі», «Ұлттық ғылым мен тәлімнің ұйытқысы» тақырыптарында дөңгелек үстел, «Өссе тілім, мен де бірге өсемін», «Тіл мерейі,ел мерейі», «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Тіл тағдыры –Ұлт тағдыры», «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Тіл-ең асыл құндылық» атты танымдық ашық сабақтар, «Тіл – татулық тірегі», «Ана тілің – арың бұл!» әдеби-музыкалық, танымдық кештері, «Өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте» атты пікір-талас, «1001 мақал, 101 жұмбақ» атты интеллектуалды онлайн сайысы және тағы басқа бірқатар семинар, көшбасшылық дәрістер, вебинарлар мен бейне челендж жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі