- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да заманауи асхана ашылды
29.09.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында заманауи асхана ашылды.
«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы оқу-білім беру, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-демалыс қызметтерін толық қамтыған бірегей нысан. Енді мұнда қалашық жастарымен қатар, қызметкерлер мен оқытушыларға арналған үлкен асхана іске қосылды.
Соңғы үлгідегі тамақтану орталығында қазақ, түрік және еуропа халықтарының ас мәзірінен сан түрлі тағамдар дайындалады. Тағамдардың бағасы да қолжетімді. Мәселен, борщ, қышқылтым көже, үй кеспесі, эзагелин, жасымық сорпасы, тағы басқа бірінші тағамдар – 500 теңге. Екінші тағамға гарнирі бар котлет, қуырылған ет, тефтель, тауық еті, фаршталған бұрыш, палау беріледі. Барлығы – 700-800 теңге шамасында. Сонымен қатар жастар сүйсініп жейтін пицца, хачапури, бәліш және тәтті тоқаштар пісіріліп, түрлі сусындар да ұсынылады. Осылайша, университет басшылығы студенттердің сапалы тамақтануы, дендерінің сау болуы және алаңсыз білім алуына жағдай жасауда.
Аспаздар тағамдардың құнарлы әрі дұрыс тамақтану талаптарына сай әзірленетіні жөнінде пікір білдірді. Құнарлы ас күні бойы дененің сергектігін сақтап, жұмыс қабілетінің жоғарылауына, денсаулықты сақтауға ықпал ететінін алға тартты.
Қалашық ортасынан ас мәзірі аста-төк, дәмді әрі жанға жайлы асхананың ашылғанына әсіресе жастар қуанды.
Механика-математика факультетінің 4-курс студенті Ажар Омар: «Біздің қалашықтағы «Керемет» орталығында банк филиалы, кітап дүкені, фотостудия, жалпы студентке қажеттінің бәрі бар. Енді олардың қатарын қолжетімді және дәмді асхана толықтырып отыр. Біз бүгін үйдегідей тамақтанып, қуанып қалдық. Іші жанға жайлы әрі таза. Бұл жердің студенттер үшін сүйікті орынға айналарына сенімдімін!» – деп, алғашқы әсерімен бөлісті.
Ал биология және биотехнология факультетінің 2-курс студенті Аружан Сламбек тамақтану орталығының қызмет көрсету сапасы ұнағанын айтты. «Студенттерге арналған жоғары сападағы тамақтану орнының ашылғанына қуаныштымын. Асхана біз үшін өте қолайлы жерде орналасқан. Мұнда бағалар да қолжетімді. Қонақтар, оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер ас ішіп, түрлі тәттілерден дәм тата алады» дейді Аружан.
Физика-техникалық факультеті 1-курс студенті Әбдіқасым Нұрбек: «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығынан тамақтану орнының ашылғанына жігіттер аса қуандық. Енді сабақтан соң дәмді ас ішіп, бірден кітапханаға барамыз не басқа да қоғамдық жұмыстармен айналысамыз. Әрі мұндағы астың қолжетімді бағада болуы әрбір студент үшін керемет жағдай» деген бағасын берді.
Орталық таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Бір мезетте 150-ге жуық адамға қызмет көрсетеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі