Жаңалықтар

Ұстаздар күні құтты болсын!

1-қаз-21

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, әріптестер!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», – деген сөзі сіздердің еңбектеріңіздің жауапкершілігі айрықша мол екенін білдіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

«Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі міндет. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік», – дей келе, мәртебелі мамандық иелерін лайықты қолдауға шақырған болатын.

Ел Президенті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында да «Мемлекет ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра беретін болады» деп қайыра атап өтті.

Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті нақты мақсаттарды жолға қойып, нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.

Қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағында қазіргі таңда 3000-ға жуық оқытушы-профессор қызмет атқарады.  
Мемлекет жүктеген міндеттемеге сай, жалақы биыл екі мәрте көтеріліп, аға оқытушы – 312 мың, доцент – 389 мың, профессор 500 мың теңге алатын дәрежеге жетті.
Халықаралық басылымдарда мақаласы жарияланған 234 ғалымға 74,8 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалды.

Жұмыс орны жанға жайлы болу үшін күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Ендігі жерде барлық аудиториялар заманға сай жаңа жиһаздармен, интерактивті тақталар және мультимедиялық құрылғылармен жабдықталады. Бүгінгі таңда 800 компьютер сатып алынып, факультеттерге үлестірілді.

Алдағы уақытта да оқытудың сапасын арттыру үшін оқытушы-профессор құрамын қолдау саясаты жалғасын таба бермек.

 

Құрметті әріптестер!

Қадірлі оқытушылар қауымы!

 

Университеттің әлемдік рейтингтерде көш бастап келе жатқаны – сіздердің табанды ізденістеріңіздің жемісі.

Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның ертеңгі жарқын болашағы.

Пандемия кезінде де оқу үдерісін тоқтатпай, онлайн форматта тиімді іске асырып, кәсіби біліктіліктеріңізді кезекті рет дәлелдедіңіздер.

Шәкірттеріңізге озық білім беріп, қиын-қыстау кезеңге қарамай, әрқайсысының бойына ең асыл қасиеттерді сіңіруге тырыстыңыздар.

Еңбектеріңіз еленіп, шәкірттеріңіз биік шыңдардан көріне берсін!

Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.

Ғылым, білім жолында табысты болыңыздар!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Құрметпен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор

Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ