- Негізгі бет
- Жаңалықтар
BAS LIGA-да бақ сынасты
04.10.2021Көңілді тапқырлар клубының жартылай финалында ҚазҰУ құрама командасы үздік шығып, финалға жолдама алды. КТК Халықаралық одағының BAS LIGA КТК ресми лигасының жартылай финалы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтті.
Жартылай финалда бірінші топтан ҚазҰУ құрамасы, ал екінші топтан «КазахАмир» құрама командасы топ жарып шықты. Сонымен бірге «С акцентом», «Север» және «Талдық» ойыншылары да финалда өнер көрсететін болады.
«Талдық» көңілді тапқырлар клубының капитан командасы Серікбай Орынбасар «Масляковтың Жоғарғы лигасы секілді» деп бағалап, ойынның өте жоғары деңгейде өткенін айтты.
– Лига жүргізушісі ретінде Еркебұлан Мырзабековтің тәжірибесі өнер көрсетушілерге көп көмегін тигізді. Көптеген командалар BAS LIGA-ға өзіміз секілді «Жайдарманнан», яғни қазақша КТК-дан келіп отыр. Сондықтан бастапқыда орысша юморды жазуда, түсінуде қиындықтар туындағаны рас. Бірақ әрбір командамен жеке-дара жұмыс істеген Марат Оралғазин, Рүстем Омаров секілді редакторларға мың алғыс! Осы азаматтардың бізге деген сенімі алға жетелеп, финалға өтуімізге себепкер болды. Сондықтан BAS LIGA-ның барлық ұйымдастырушыларына рақмет айтқым келеді, – деді Серікбай Орынбасар.
Топтар «Сәлемдесу», «Биатлон» және «Фристайл» деп аталатын үш кезеңде шығармашылықтарын сынға салды.
Қазан айының 2-жұлдызында өткен жартылай финалға қатысқан 10 команда екі топқа бөлініп бақ сынасты. Бірінші топта өнер көрсеткен құрама командалар: ҚазҰУ құрамасы, Петропавл қаласынан «Север», Жуалы ауданынан «С акцентом», Ақтау қаласынан «Каспий Голд», АйСиБи колледжінен «Ғани, Мағжан, Жалғас, Дархан, Алтынай». Ал екінші топта: ҚазҰТЗУ «Жыланы», Челябинск мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалынан «Дети 90-ых», Павлодар қаласынан Инновациялық еуразиялық университетінің «Бикини ботом», Талдықорған қаласынан «Талдық» және «АмирҚазСтрой» ЖШС атынан «КазахАмир» құрама командалары қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі