Жаңалықтар

Академик Бияров атындағы аудитория ашылды

6-қаз-21

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде қолданбалы математика және кибернетика саласындағы көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Бияров Төлеухан Нұралдаұлы атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов, Т.Бияровтың жары Аманкүл Биярова құрметті қонақтармен бірге аудитория лентасын қиып, игі тілектерін арнады. 

Ғалымның атындағы аудиторияның заманауи компьютерлік жабдықтар мен эргономикалық жиhазбен, көрнекілік стендтерімен қамтылуы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қалимолдаев Мақсат Нұраділұлының демеушілігімен жүзеге асырылды.

Шараға ақпараттық технологиялар факультеті мен механика-математика факультетінің декандары, оқытушы-профессорлары, ғалымның замандас-әріптестері, шәкірттері мен туыстары қатысып, Төлеухан Нұралдаұлының өмірінен сыр шертіп, игі істері мен адамгершілік болмысын еске алды.

Профессор Төлеухан Бияров – дарынды педагог және жоғары білім беруді ұйымдастырушы ретінде өзіндік мектеп қалыптастырған ұстаз-ғалым. Білімді шәкірттер тәрбиелеп, университетте «Математикалық кибернетика», «Информатика», «Бизнестегі ақпараттық жүйелер» мамандықтарының қалыптасуына зор үлес қосқан ғалым артына мол ғылыми мұра қалдырып кетті.

Ғалымның ұйытқы болуымен «Бизнестегі ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша Мемлекеттік стандарттар әзірленді, механика-математика факультетінің студенттеріне арналған бірнеше оқулық пен оқу құралдары дайындалды.

Төлеухан Бияровтың жетекшілігімен бір физика-математика ғылымдарының докторы, 19 физика-математика ғылымдарының және техника ғылымдарының кандидаты даярланған. Бүгінде ғалымның шәкірттері кибернетика және ақпараттық технологиялар саласында тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де еңбек етіп жүр. 

Академик атындағы жаңа аудитория білікті мамандар даярлап шығаруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі