Жаңалықтар

Жастар конгресі кітап сыйлады

06.10.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан жастарының конгресі белгілі қазақстандық саясаттанушы, шығыстанушы ғалым Сұлтан Әкімбековтің 322 кітабын сыйға тартты.

Беделді жастар ұйымы жетекші университетке жемісті ынтымақтастық және білімді ұрпақ қалыптастырудағы үлесі үшін алғыс білдіре отырып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ерекше тарту жасады.

Білім ордасының кітапхана қорына келіп түскен тарихшы ғалымның «Казахстан в Российской империи», «Казахи между революцией и голодом», «Каняшин – традиционное общество казахов» атты еңбектері Қазақстан тарихындағы аса күрделі әрі елеулі кезеңдерге арналған. Кітаптарда Ресей империясы құрамындағы Қазақстан тарихына байланысты мол мағлұматтар беріліп, жаңару үдерістері, жер дауы және басқа да көптеген мәселелермен қатар Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимылының әртүрлі бағыттары терең талданған. Бұл еңбектер білім алушылар мен оқытушылар, жалпы отандық тарих ғылымы үшін аса құнды дерек көзі екені даусыз. 

 

 

Қазақстан жастарының конгресі жастар саясатының барлық институттарымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Бүгінде мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың сенімді серіктесі ретінде өзін көрсете білген ірі жастар ұйымы қауымдастық ретінде республикалық жастар ұйымдары мен бірлестіктерін біріктіреді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі