Жаңалықтар

Бас жүлде – ҚазҰУ-да 1 жыл тегін оқу гранты

6-қаз-21

Құрметті студент жастар!

Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін IX «Мен жастарға сенемін!» атты республикалық студент жастардың шығармашылық байқауына қатысуға шақырамыз!

Байқаудың мақсаты – студент жастардың Қазақстан болашағы алдындағы азаматтық жауапкершілігін және патриоттық сезімін арттыру, қоғамның әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге арналған жастар бастамаларын ынталандыру және көтермелеу, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар және бизнес өкілдерімен қазақстандық қоғамның бірлігін нығайту мақсатындағы жастар диалогын ұйымдастыру.

Байқау шарты бойынша «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жоба, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» студенттік эссе, «Мен жастарға сенемін!» азаматтық-патриоттық жыр туындысы, “Sanaly urpaq”: ең үздік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба, «Тәуелсіздік және Жастар» тақырыбында сурет салу, «Қазақ тілі – татулық тілі» өзге ұлт өкілдері арасында көркемсөз оқу, «Туған табиғатты аялау – азаматтық міндет!» экологиялық жоба, «Дәрігер – ардақты мамандық!» бейнеролигін түсіру бағыттары қамтылған.

Байқауға қатысу үшін алдымен 2021 жылдың 10 қазан айынан бастап 30 қазан айына дейін әрбір үміткер өз жұмысын 1 минуттан 3 минутқа дейінгі көлемінде бейнежазба түрінде mjs.farabi@gmail.com электронды поштаға жіберуі тиіс. Қабылданған жұмыстарды тәуелсіз қазылар алқасы саралайды. Ең үздік жұмыстардың авторлары 2021 жылдың қараша айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін «Мен жастарға сенемін!» байқауының финалына шақырту алады. Жүлдегерлер арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Бас жүлдеге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 жыл тегін оқу гранты беріледі.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі