- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Дулат ҚУАНЫШЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат: ҚазҰУ-дың әрқашан да жөні бөлек
07.10.2021Қуанышев Дулат Оразбекұлы 1960 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданында туған. 1984 жылы Мәскеу қаласында П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің тарих-филология факультетін, 2005 жылы Париждегі халықаралық қатынастар жөніндегі CEDS дипломатиялық және стратегиялық зерттеулер орталығының курсын бітірген. І сыныпты төтенше және өкілетті елші. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, португал, испан, түрік тілдерін меңгерген.
1986-91 жылдары КСРО Ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтындағы Дамушы елдер орталығының кіші ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастаған. 1991-92 жылдары – Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің қызметкері, Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы; 1992-94 жылдары – Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері; 1994-96 жылдары – Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің жетекшісі; 1997-2000 жылдары – Мемкоминвест жүйесінде директор, ҚР инвестициялар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, төраға; 2001-03 жылдары – Қазақстан Республикасының сыртқы істер вице-министрі; 2003-05 жылдары – Қазақстан Республикасының Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі; 2005-07 жылдары – Қазақстан Республикасының Австриядағы елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі; 2010-14 жылдары – Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі және Қазақстанның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы; 2014-19 жылдары – Қазақстан Республикасының Израиль мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі және 2015-19 жылдары Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін қоса атқарған.
«Ерен еңбегі үшін» және Қазақстан Республикасының үш мерейтойлық медалімен, «Құрмет» орденімен, Франция Республикасының Ұлттық «Құрмет» орденімен (Grand'Officier de l ' Ordre National du Merite de la Republique Francaise) марапатталған.
Франция, Австрия, Үндістан, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы мен Израиль елдерінде төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған І сыныпты дипломат, Қазақстанның сыртқы саяси қызметіне елеулі еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Дулат Қуанышев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, дипломатиядағы бұрынғы әріптесі Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, университет студенттеріне Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, лидерлік дәріс оқыды. Кездесулерден кейін жоғары дәрежелі дипломатты әңгімеге тарттық.
– Дулат Оразбекұлы, болашақ дипломаттарға дәріс оқып, ақыл-кеңесіңізді беріп, халықаралық қатынастар жайлы өз тәжірибеңізбен бөлісу үшін Қазақстандағы көшбасшы оқу ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы ат басын бұрған екенсіз. Қош келдіңіз! Әңгімені өзіңізді үлкен өмірге дайындап, жолдама берген білім ордасынан бастасақ. Бірнеше шет тілін жоғары оқу орнында оқып жүргенде үйрендіңіз бе?
– Мен 1984 жылы Мәскеудегі Халықтар достығы университетін тарих-филолог, испан және португал тілдерінің аудармашысы мамандығы бойынша бітірдім. Біз студент болып жүргенде Мәскеуде олимпиада өтті, мен испан тілінің аудармашысы болып олимпиада спорт кешеніне жұмысқа қабылдандым. Негізінен, Юрий Васильевич Родененкомен бірге кубалық боксшылармен жұмыс істедім. Ол бұған дейін Кубада боксшыларды жаттықтырған. Алғаш шетелдіктермен жұмысты осы кезден бастадым. Мәскеу олимпиадасында жерлестеріміз Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненконың рингтегі ойындарын көру бақытына ие болдым. Одан кейін Африкадағы Ангола Халық Республикасында бір жыл аудармашы болып тәжірибеден өттім.
– Дипломатиялық қызметке барамын деген мақсатыңыз болды ма, бұл салаға қай кезде келдіңіз?
– Алдыма дипломат боламын деген мақсат қойған емеспін. Менің мінез-құлқым зерттеушіге көбірек келеді деп ойлайтынмын, дегенмен дипломат болғаныма қуанбасам өкінбеймін. Мәскеуде жүрген жылдары мені сол кездегі Қазақстан МҚК төрағасы Закаш Камалиденов жұмысқа шақырды. Минскіге оқуға жібермекші болды. Бірақ әскери салаға барғым келмеді, маған погон тағып жүретіндердің жұмысы қиын сияқты болып көрінді. Бір жарым жыл кеңес армиясында әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының Дамушы елдер орталығына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Сол кездерде іссапарлармен Перу, Венгрия сияқты елдерге іссапарлармен шығып тұрғаным болмаса, негізі, шетелдерде Қазақстанның елшісі ретінде қызмет еттім.
КСРО ыдырайтын тұста Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің қызметкері, одан кейін 1994 жылға дейін Түркиядағы елшілікте қызметте болдым. Ол жақтан елге қайтып келгеннен кейін Қазақстанда мемлекеттік қызметтерде әртүрлі лауазымды қызметтерді атқардым. 2003 жылы сәуір айында Қазақстанның елшісі болып Францияға кеттім. 24 мамыр күні Франция Президенті Шак Ширакқа Сенім грамотасын тапсырдым. Одан кейін бір жарым жыл Австрияда және қосымша Хорватия мен Словенияда елші болдым. Елшілік қызметім осылай басталды.
– Сіз ұзақ уақыт әртүрлі елдерде дипломатиялық қызметте жүрдіңіз. Ол жақтарда жоғары лауазымды саяси тұлғалармен орыс, ағылшын, француз, испан, португал, түрік тілдерінде қарым-қатынас жасадыңыз. Ана тілін ұмытып қалған жоқсыз ба?
– Бұрын жақсы білгенмен, кейіннен аздап шорқақтап қалғаным рас. Әрине, қызмет барысында шет тілдерді көп қолданғандықтан, өз тіліңде акцент пайда болады. Соңғы кездерде қазақша кітаптарды оқып жүрмін, ана тілімде сөйлесуге тырысамын. Осы аздап ыңғайсыздық тудырады, қысыласың. Кейбіреулер қазақша сөйлегеніме күлетін сияқты болып көрінеді. Менің ойымша, бірнеше тілді білетін адам ана тілінде өте шешен сөйлеуі керек қой. Шынымды айтайын, ондай деңгейге жеткен жоқпын. Целиноград облысында, басым бөлігі орыс тілінде қатынас жасайтын ортада өстім, мектепті орысша оқыдым, бірақ ана тілімді бір адамдай білемін.
– Бүгінде тұрақты дамып келе жатқан елдердің бірі – Израиль мемлекетінде бірнеше жыл елші болып, жақында өз жұртыңызға оралдыңыз, бұл елдің қандай ерекшеліктеріне тоқталар едіңіз?
– Израиль экономикалық өсу жағынан басқаларға үлгі болатын елдердің бірі деп айтар едім. Израиль – стартаптар елі, жаңадан мемлекет құрды, ұмытылып кеткен ескі тілдері – ивритті тірілтті. Жаңа технологияларды енгізу, ең бастысы, кәсіпкерлерді қолдау жағынан алда келеді. Кәсіпкерлер өз жұмысынан басқа ештеңеге алаңдамайды, оларға барлық жағдай жасалады. Өздеріңіз білесіздер, израильдіктер экономикалық, технологиялық инновация жағынан алда келеді. Білім беру жүйесі қатты дамыған. Қазір бізге «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды Израильге жіберіп оқыту мүмкіндігі бар. Бұл елде инновацияға, нанотехнологияға, ІТ, медицина сияқты салаларға қатты назар аударып, көңіл бөлінеді. Онда іргелі ғылымдарды пайдалана отырып, ғалымдар ашқан жаңалықтарды кәсіпкерлікке пайдаланып, іске асыруды дамыту жақсы жолға қойылған.
– Дулат Оразбекұлы, сіз үнемі шетелдерде, елден жырақта, сырт жақтарда жүрдіңіз. Әріптестеріңізден басқа, сіздің араласатын ортаңызға кімдер кіреді? Жақын достарыңыз қайда тұрады?
– Шынымды айтсам, менде тығыз қарым-қатынас жасап, жақын араласатын аса көп дос жоқ. Достарымның дені шетелдерде тұрады. Негізінен, дипломатиялық қызметтерде, сондықтан әр жақта жүр. Бос уақытымда спортпен айналысамын, велосипед тебемін, әлеуметтік желілерде отырамын, алыс жақтарда жүрген достарыммен осылайша әңгімелесіп сырласамыз. Соңғы кездерде көбінесе араласатын достарыммен гольф ойнаймын.
– Біздің шаңыраққа келіп, білім ордасының студенттеріне дәріс оқитын сіз сияқты елге танымал азаматтарға қоятын дәстүрлі сұрағымыз бар: өзіңіздің жолыңызды қуып, болашақта дипломат болсам деп армандайтын студенттерге қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жөні бөлек. Сұрағыңызға келетін болсам, біріншіден, барлық студенттерге білімді, сауатты болыңыздар деп айтар едім, ол үшін көп оқу керек. Дипломатиялық жұмыстарға өздерін дайындап жүргендерге ең алдымен басшылыққа алатын нұсқауларды жете түсініп, мұқият біліп алу керек. Меніңше, дипломатиялық қызметке барамын дейтін жастардың бойында адамгершілік, кішіпейілділік, әр сөзге мұқият болу сияқты қасиеттер болуы тиіс. Өйткені елшілік қызмет кез келген елде мемлекетіміздің, азаматтардың, жеке және заңды тұлғалардың мүддесін қорғайды. Сондықтан елші қызмет атқарып жүрген елдерге барған азаматтарда проблемалар туындаған жағдайда немқұрайды қарамай, көмектесіп, мәселені шешіп беруге барынша күш салады.
– Әңгімеңізге рақмет, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ