Жаңалықтар

Елдос СМЕТОВ, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері: Университет маған үлкен қолдау көрсетті

07.10.2021

Биыл Токио-2020 олимпиадасына қатысқан бір топ түлектеріміз бен студенттеріміз ҚазҰУ-дың және еліміздің абырой-беделін көтергені көпшілікке мәлім. Осы орайда, ҚазҰУ түлегі, дзюдошы Елдос Сметовті әңгімеге тарттық. Ол іргелі білім ордасының заң факультетін бітірген. Токио-2020 олимпиадасында 60 келі салмақта бақ сынасып, қола медальға қол жеткізді.

– Токио олимпиадасында біз қолдан келгенін жасап бақтық, алайда маңдайымызға жазылғаны үшінші орын болды. Мүмкін, дәл осы жолы біз бірінші орынға лайық болмаған шығармыз. Десе де, еш өкінбеймін. Негізі, 2020 жылдың басында біз нағыз бабымызда болдық. Бірақ әлемді жайлаған пандемия өз салқынын тигізді. Сегіз-тоғыз ай бойы бірде-бір жарысқа қатысқан жоқпыз. Дегенмен бұл күндердің бәрі артта қалды, қиындықтың бәрін жеңіп шықтық. Спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерімді, күшімді Токио татамиіне тастап шықтым. Бойымда күреске деген қандай қасиет болса, соның бірін де аяп қалмадым. Жартылай финалдағы жекпе-жек естеріңізде болар, өте тартысты өтті. Қайта-қайта шабуылға иек артып, қарсыласымды тұқыртуға тырыстым. Мен үшін ең қиын болғаны финалдық белдесу болды. Осылай бұйырып тұр екен. Елім 3-орынды 1-орын ретінде қабылдады. Алтын армандап барсам да, бұйырғаны қола болды. Оған да қатты қуандым. Өйткені күллі қазақ мен 3-орын алғанда «Елдостың қоласы бізге алтыннан артық» деп жар салды, – дейді спорт шебері. 

  Елдос түпкі арманы олимпиада алтынын алу екенін жасырмайды. Қазір үлкен сынақтан кейін демалып, тынығып, денсаулығына көңіл бөліп жүр. Үлкен спортта жарақат алмау мүмкін емес. Ол өзіне ғана аян жарақаттарын емдетіп, біраз күш жинап алған соң, жаттығу залына қайта келетіні анық.

– Мен қарашаңырақ – ҚазҰУ-да ілім алдым. Оқу орны десе, өз  университетім көз алдыма көлбеңдеп келе қалады. Неге десеңіз, тұмса табиғатымен, емен-жарқын ұстаз-бапкерлерімен, мейірімді қызметкерлерімен әрі бауырмашыл достарменен есімнен өшпестей ойып орын алған. Сол үшін де маған қымбат. Университеттегі жаттықтырушыларым, ұстаздарым, ұжым маған үлкен қолдау көрсетті. Дәрістеріме де, тіпті үлгермеген жағдайда түсіністікпен қарады. Ағай-апайларымның алдында қашанда борыштармын. Олар ілім беріп, рухани өсуіме әрі адами тұрғыдан да кемелденуіме өз септігін тигізді. Өзге жастар сияқты көңіл көтеріп қыдыруға, отырыстарға баруға менде еш уақыт болмады. Күндіз-түні жаттығу болды. Неге десеңіз, бала күннен бергі үлкен арманым бар, ол – чемпион болу. Ой-қиялым тек сонда ғана болды. Сол себептен арманымның шыңына жету үшін талмай еңбек ету қажет еді. Таңсәріден спортзалда жаттығып, күн еңкейгенше шынығуымды жалғастыратынмын. Түнде аздап ұйықтап демалған соң, таңертең қайта жаттығуыма кірісемін. Күндерім мен жылдарым осылайша спортқа арналды. Басқа істерге үлгере алмадым. Әрине, үлкен арман үлкен еңбекті қажет етеді. Мен әлі де көп еңбек етіп, талай белестерді бағындырарыма сенемін, – дейді Елдос. – ҚазҰУ биік белестерге көтерілуіме үлкен септігін тигізгенін баса айтқым келеді. Қай жағынан алып қарасаң да, ғылым, инновация, биология, спорт т.б. салалардан бұл альма матер әлемдік озық университеттердің алдыңғы қатарында. Демек, бұл университетте оқыған да, оқымаған да арманда. Үлкен өмірге қадам басуымызға себепкер болған, қанатымыздың қатаюына түрткі болған осы оқу ордасына қашанда қарыздармыз.

Спортшы өз жетістіктерінде жаттықтырушыларының зор үлесі барын айтады. ҚазҰУ-дың Дене шынықтыру және спорт кафедрасында жанашырлық танытып, еңбек сіңірген, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымының кандидаты Мелекша Мырзаев пен сол кезде қызмет атқарған КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Дене шынықтыру және спорт кафедрасының доценті, марқұм Виктор Якубаның есімін құрметпен атады.

– Біз ең алдымен еліміздің атын шығару үшін күресіп жүрген спортшылармыз. Асылы, еліміздің тәуелсіздігі саясында осындай биік белестерге жетіп жатырмыз. Егемендік бізге әлемдік аренада күресуімізге осындай мүмкіндіктер сыйлап жатыр. «Отан – отбасынан басталады» демекші, қай кезде де жеңісің ең алдымен отбасыңа арналады. Ал Отаның да сол – үлкен отбасың. Демек, отбасыма арналған жеңісім егемен елімізге де арналады. Мен осыдан он жыл бұрынғы әлем чемпионатындағы жеңісімді Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнағанымдай, биылғы жеңісімді де Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын,  – дейді ол ағынан жарылып.

Алтын медаль – Елдос үшін спорттық карьераның биік шыңы. Өйткені өмірін спортқа арнап, спорттан ләззат алған соң, бір орында тоқтап қалмай, оның ең биігіне шығу – парыз. Халық үміт артқан соң, сол үміттің үдесінен шығу керек. Кез келген спортшыға шабыт беретін де осы ақжарма тілекті, кең пейілді елдің батасы. Әрі мінберде тұрғаныңда көк туың желбіреп көтеріліп бара жатса, әлем алдында әнұраның шырқалып тұрса қалай арқаланбайсың, қалай шабыттанбайсың?!

 

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ