Жаңалықтар

Діни ағарту – қоғамдағы тұрақтылық кепілі

07.10.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Исламабад халықаралық ислам университеті жанындағы Исламды зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия ул-Хак мырзамен онлайн жүздесті. Тараптар білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықтың маңызы мен міндеттерін талқылады.

Оқу орнының басшысы алғы сөзінде діни ағарту және зайырлы жан-жақты білім беру қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін айта келе, исламды зерттеудегі екіжақты ынтымақтастықтың өзектілігін атап өтті.

Қазіргі уақытта білім ордасы Пәкістанның Карачи университетінің Халықаралық химия және биология ғылымдары орталығы, Лахор университеті және COMSATS Ақпараттық технологиялар институтымен тығыз байланыста. Екі ел арасында «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы дамып келеді. Бүгінде қарашаңырақта пәкістандық 44 студент «Биотехнология», «Машиналық оқыту және деректерді талдау», «Стоматология» және «Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алуда. 

Сонымен қатар ректор ҚазҰУ Бас хатшылығы Пәкістанда орналасқан COMSATS халықаралық ұйымының Қазақстандағы басты тәжірибе орталығы екенін тілге тиек етті.

 

2017 жылдан бастап университет Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ислам ұйымы (ISESCO) және Оңтүстіктің тұрақты дамуы бойынша ғылым және технологиялар жөніндегі комиссиямен (COMSATS) ынтымақтастық орнатқан. «Интернет-қауіпсіздік және киберқорғау», «Экожүйелерді қалпына келтіру, тұрақты даму мақсатында климаттың өзгеру мәселесі» салаларында бірлескен семинарлар, тренингтер өткізіліп, консультациялық жұмыстар жүргізіледі.

ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде Дінтану және мәдениеттану кафедрасы табысты жұмыс істеп, онда дінтану және исламтану саласы бойынша мамандар даярланады.

Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев кездесуде жемісті әріптестік барысына тоқталған соң, өзара серіктестікті дамыту және әрекеттестік аясын кеңейтуді ұсынды. Пәкістанның жетекші университеттерімен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделілік таныта отырып, профессорды тәжірибе алмасуға және ҚазҰУ-да дәріс оқуға шақырды.

Өз кезегінде институт директоры ЖОО жетістіктерін жоғары бағалап, өзара ықпалдастықты қолдайтынын мәлімдеді.

«Университеттер арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту екі ел арасындағы қарым-қатынастарға оң әсер етері даусыз. Біздің университетте Scopus деректер базасына кіретін журналдар бар. Біз бірлесіп жарияланымдар жасауға және басқа да жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – дей келе, профессор оқытушы мен студент алмасу бағытына да қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тараптар рухани білім беру саласындағы тәжірибе алмасудың бүгінгі таңдағы маңыздылығы жөнінде пікір алмасып, одан әрі дінтану, мәдениеттану мен исламтану салалары бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі