- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да кино саласының мамандары даярланады
07.10.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Kazakh Cinema» Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев бастаған отандық кино саласының белгілі мамандары келді. Кездесу аясында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен «Kazakh Cinema» Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қарашаңырақтың қазақ кино өндірісінің дамуына серпін берер зор әлеуетіне тоқталып, осы мақсатта үлкен жобаларды бірлесіп жүзеге асыру ниетін жеткізді. Биыл журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасында бакалавриатура деңгейінде «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы ашылғанын хабарлады. Бұл бағдарлама шығармашылық шеберлікті қолдана отырып, креативті өнім жасауға қабілетті кино және медиа саласындағы сұранысқа ие кадрларды даярлауға бағытталған. Сонымен қатар оқу үдерісіне «Кино тарихы», «Кино және медиа зерттеулер», «Кинодраматургия», «Кинорецензиялар», «Режиссура» сияқты пәндер енгізілгенін айта келе, ректор осы саланың үздік мамандарын дәріс оқуға, сапалы маман даярлау ісіне атсалысуға шақырды.
«Kazakh Cinema» орталығының басқарма төрағасы өз кезегінде оқу орнының бастамаларына қолдау танытып, кино саласын дамытудағы академиялық білімнің маңызына назар аударды. Университет түлегі ҚазҰУ қабырғасында алған іргелі білімнің өз қызмет жолында үлкен мүмкіншіліктерге жол ашқанын ризашылықпен атап өтті. Теория мен тәжірибені ұштастырып, білім берудің өзектілігіне мән беріп, ҚазҰУ қабырғасында кино саласының жастарына арналған оқу-өндірістік хаб ашуды ұсынды. Өзара ықпалдастықтың сала мамандарын даярлаудағы жарқын келешегіне зор сенім білдірді.
Сондай-ақ кездесуге Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов пен Баспасөз қызметінің жетекшісі Андрей Сакулинский, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева, танымал актер, сценарист Нұрлан Санжар сынды өзге де сала мамандары қатысып, кино өндірісін жаңа бағытта дамыту және кадр даярлау жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті. Қонақтар бүгінде киносыншы, киносценарист, кинодраматургия мен деректі фильм мамандарына талаптың өзгергенін алға тарта келе, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі кино өндірісінің даму ерекшеліктерін сөз етті.
Кездесу соңында тараптар дәйекті жоспар жасап, нақты іс-қимылға көшуге уағдаласты. Екіжақты келісім негізінде бірлескен оқу киностудиясын ұйымдастыру, кино саласына қажетті маман даярлау, кино сыны және сахналық шеберлік бағытында оқу үдерісін жетілдіру, шеберлік сыныптарын өткізу, тәжірибе алмасу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ оқытушылар біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми-тәжірибелік шаралар, шығармашылық ауқымды жобалар қолға алынбақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі