- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚАЛАМЫҢ ҚАРЫМДЫ БОЛСЫН, ӘРІПТЕС!
07.10.2021Құттықтаймыз!
«Балалар әдебиеті жылы» аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «Ер Төстік» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби байқауының әділқазылар алқасы біздің әріптесіміз, «Қазақ университеті» газетінің тілшісі Нұрбек Нұржанұлының «Кітап патшалығы» әңгімесін үздік шығарма ретінде бағалап, «Проза» жанры бойынша байқаудың жеңімпазы» деп жариялады.
«Балалар әдебиеті жылына» орайластырылған мектеп оқушылары мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған байқауға республика бойынша 90 автордан 100-ге жуық шығармашылық жұмыстар жолданған. Жас қаламгерлердің еңбектері проза, ертегі, өлең және иллюстрация номинациялары бойынша сұрыпталып, ішінен үздік шыққан шығармаларға қаржылай сыйлықтар тағайындалды. Марапаттау рәсіміне жазушылар, депутаттар және ұстаздар қауымы қатысты. Қазылар алқасының мүшесі, әдебиет сыншысы Анар Қабдуллинаның айтуынша, 90 шығарманың ішінен үздіктерін таңдап алу үшін бірнеше күн бойы қазылар арасында тартыстар болыпты. Демек, дарынды жастардың байқауға жолдаған туындылары жаппай жүлдеге лайықты, салмақты болғаны ғой. Осындай жоғары дейгейдегі сұрыптаудан өткен додадан озып шығып, бас жүлде – 500 мың теңгені олжалаған әріптесіміз Нұрбек Нұржанұлын кезекті жеңісімен құтықтаймыз!
Бұл – «Мұң Ай» жыр жинағы мен балаларға арналған «Кәусар бұлақ» әңгімелер жинағының авторы, өлеңдері «Жыр маржаны» поэзия антологиясына кірген жас ақынның республикалық сайыстардағы бірінші жеңісі емес. Нұрбек Нұржанұлы халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде 1-орынды, халықаралық «Шабыт» фестивалінің 3-орынды еншілеген танымал қаламгер. Республикалық «Алтын қалам» байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының жүлдегері. Республикалық «Қазақ пен қала» әдеби байқауының 1-орын иегері.
Біз Нұрбек Нұржанұлына алдағы уақытта тың ізденіс тілейміз! Қаламгер болу оңай емес, оқырман алдындағы жауапкершілік зор міндеттер жүктейді. Адам ойының, сана-сезімінің өзгеруіне, қоғамның алға жылжуына қаламгерлердің ықпалы орасан. Осы тұрғыдан алғанда Нұрбек Нұржанұлы көптің сенімін ақтайды деген үміттеміз.
«Қазақ университеті» газетінің ұжымы