Жаңалықтар

Жемісті жүздесу

08.10.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бүгінде шетелдік университеттермен белсенді қарым-қатынас орнап, білім беру және ғылыми қызмет жандана түскен. Осындай кезекті ресми кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Лихай университетінің шығармашылық ізденістер жөніндегі бірінші проректоры және Mountaintop бастамасының директоры, профессор Ханджан Мехтамен ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру жайын талқылады.

Лихай университетінің өкілдері сапар барысында кампус аумағымен танысып, Әл-Фараби кітапханасына барды.

ҚазҰУ көп жылдар бойы әлемдегі ең беделді зерттеу оқу орындарының бірі болып танылған АҚШ-тың Лихай университетімен жемісті қарым-қатынас орнатқан. 

Университет басшысы алғы сөзінде ҚазҰУ АҚШ-тың түрлі салалардағы академиялық мекемелерімен тығыз байланыста екенін атап өтті. АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындары, институттары, зерттеу орталықтары, қауымдастықтары және үкіметтік емес ұйымдарымен 10-нан астам келісімге қол қойылды. Оның шеңберінде түрлі оқу-білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар табысты іске асырылуда.

Ректор ҚазҰУ-дың 2014 жылдан бастау алатын Америкалық кеңеспен ынтымақтастығын мысалға алды. Осы беделді ұйымның келісімшарты аясында университет жыл сайын АҚШ университеттерінің студенттерін біржылдық және жазғы тілдік тағылымдама бағдарламаларына қабылдайды. «Флагман», «Орыс тілі және халықаралық дипломатия» оқу бағдарламалары бойынша америкалық 340 студент ҚазҰУ-да білім алды. Бұдан бөлек, 2011 жылдан бастап Колумбия университетінің Жер институтымен және әлемнің 24 жетекші университетін біріктіретін MDP/Global Classroom-мен бірлескен бағдарлама іске асырылуда.

«ҚазҰУ адами капитал көрсеткішін жақсарту, ел дамуындағы ғылым мен білімнің рөлін арттыру үшін әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу арқылы іргелі білім мен озық ғылымды ілгерілету міндетін қойды», – дей келе, ҚазҰУ ректоры серіктестікті одан әрі дамытуға, ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Өз кезегінде профессор Ханджан Мехта университет басшылығына қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, Лихай университетінің жетістіктерімен бөлісті. Ортақ жобалардың мүмкіншіліктеріне тоқталып, тәжірибе алмасуға, тығыз байланыс орнатуға ниет білдірді.

Сондай-ақ ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде Лихай университетіне тұрақты даму саласында оқу бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру бойынша серіктестік ұсынды. Осы бағытта университетте журналистика, география және табиғатты пайдалану факультеттері жанындағы ЮНЕСКО-ның екі кафедрасы, сондай-ақ халықаралық қатынастар факультетінде БҰҰ-ның Ресурстық орталығы, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты жұмыс істейді.

Ұсыныс үлкен қызығушылықпен қабылданып, одан әрі өзара іс-қимыл стратегиясын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Тараптар серпінді инновациялық бағыттар бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу зертханаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері мен қызметі туралы да пікір алмасты. Ғылым мен техниканың өзекті мәселелері, ғылыми материалдар жариялау, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер бойынша зерттеулердің келешегі қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі