Жаңалықтар

Биофакта жаңа асхана ашылды

12.10.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі биология және биотехнология факультетінің оқу ғимаратында студенттерге арналған жаңа асхана ашылды. Салтанатты күн игілікті іспен басталып, барша келушілерге дәмді тағам мен тәттілер тегін ұсынылды. 

 Күрделі жөндеуден өткізіліп, заманға сай әсем безендірілген тамақтану орталығының іші жылы, жарық, кең әрі жанға жайлы. Асхана аспаздары студенттер мен келушілерге сапалы қызмет көрсетуге әзір.

Жаңа асхананың ашылуына университет басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев арнайы келіп, жоспар бойынша оқу орнында тағы бірнеше заманауи тамақтану орындары ашылатынын айтты.

Студент-жастар, қызметкерлер мен оқытушыларға арналған асханада қазақ, ұйғыр, шығыс және еуропа халықтарының ас мәзірінен тағамдар дайындалады. Олардың бағасы көпшілікке қолжетімді. Мұнда бұршақ сорпасы, борщ, үй кеспесі, тағы басқа бірінші тағамдар – 400 теңге. Екінші тағамдар, мәселен, гарнирі бар котлет, қуырылған ет, тефтель, тауық еті, фаршталған бұрыш, палау 700-800 теңге тұрады.

География және табиғатты пайдалану факультетінің 4-курс студенті Дана Болыс бұл бағалардың жастар үшін қолжетімді екенін айтты: «Тамақтану орталығындағы сан түрлі тағамдар, тазалық көз қуантады әрі бағалары да арзан. Бізге жақын жерден асхана ашылғанына өте қуаныштымын. Енді тамақтану үшін басқа корпусқа барып, ұзын сонар кезекте тұрмайтын болдық».


Ал журналистика факультетінің 1-курс студенті Меруерт Әбдіразақ: «Біз биология факультетіндегі тамақтану орталығының ашылуына келдік. Қызмет көрсету сапасы, тағамдар, бағалары – барлығы көңілімізден шықты. Соңғы кездері университетімізде тамақтану орталықтары ашылуда. Дәмді ас ішіп, алаңсыз сабақ оқитын болдық. Бұл жастар үшін маңызды. Бізге жасаған қамқорлығы үшін университет басшылығына рақмет», – деп алғысын жеткізді.


Білім ордасының басшылығы бүгінде заманауи оқу аудиторияларына және жайлы жатақханалармен қатар, тамақтандыру орталықтарына да жіті көңіл бөліп, жастардың сапалы тамақтануына жағдай жасауда. Университет аумағында бұған дейін де «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында бір мезетте 150-ге жуық адамға қызмет көрсететін үлкен асхана ашылған болатын. Ал бүгін іске қосылған тамақтану орталығынан күніне 500-дей адам ас іше алады.


Алдағы уақытта университеттің басқа да оқу ғимараттарында асхана, кафе-бар, жастар арасында сұранысқа ие жедел тамақтану желілері ашылып, кофе-машиналары қойылатын болады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі