Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев халықаралық спорт шебері, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовпен кездесті. Кездесуде салауатты өмір салтын насихаттау мен студенттік спортты дамыту жайлы мазмұнды әңгіме өрбіді.
Оқу орнының басшысы туған университетіне әрдайым қолдау көрсетуге әзірлігі үшін олимпиада чемпионына алғыс білдірді. Қарашаңырақтың өз чемпиондарын мақтан тұтатынын айтып, спортшыға ел игілігі үшін қызметте абырой тіледі. Сонымен қатар ректор ҚазҰУ-дың отандық және әлемдік білім кеңістігіндегі басты жетістіктерімен және алдағы даму жоспарымен бөлісті. Университет жастарының қазақстандық және халықаралық спорт аренасындағы жоғары спорттық нәтижелеріне тоқталды. ҚазҰУ студенттік спорттың теңдессіз көшбасшысы екенін алға тартып, Токио олимпиадасында көк туды желбіреткен ауыр атлет Игорь Сон, жүзуші Нұрдәулет Жұмағали, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрескер Нұрислам Санаев жеңісін мысалға алды.
ҚазҰУ түлегі өз кезегінде іргелі оқу орнының ерекше мәртебесін атап өтіп, қалашықтағы оң өзгерістерге қуанышын білдірді. Білім ордасының сан түрлі қызметтегі жоғары көрсеткіштеріне мән беріп, өз тарапынан үлес қосуға және тәжірибе бөлісуге дайын екенін жеткізді. Спорт саласындағы университет мүмкіндіктерін жоғары бағалап, қасиетті мекенде талай саңлақ спортшының қанаты қатайғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ жүздесуде ұлт денсаулығын сақтаудағы бұқаралық спорттың маңызы айтылып, жастарды спортқа тарту жолдары мен сала келешегі кеңінен талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі