Жаңалықтар

Венгр ұлтын зерттеу институтымен ынтымақтастық

26.10.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан-Венгрия бизнес форумы аясында Венгр ұлтын зерттеу институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Кездесу барысында тараптар қазақ және венгр халқының тарихи сабақтастығына тоқталып, екі елдің білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасының маңызды екенін атап өтті. Ынтымақтастық аясындағы құжатта әлеуметтік, гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық ғылымдарды зерттеу саласында белсенді ықпалдастық орнату келісілді. Сонымен қатар білім ордалары бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, қосдипломды білім беру, оқытушы және студент алмасу, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру сынды өзге де өзара қарым-қатынастар туралы уағдаласты.

Екіжақты келісімге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масәлімова мен Венгр ұлтын зерттеу институтының директоры Хорват-Лугоши Габор қол қойды. 

Айта кетсек, ҚазҰУ бүгінде Мажарстанның Яноша Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университеті, Обуда университеті, Сегед университеті, Батыс Венгрия университеті, Эстерхази Карой атындағы университет-колледжі, Питер Пазман католиктік университеті және Шопрон университеті сынды 7 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Әріптестік шеңберінде білім беру бағдарламалары іске асырылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі