Жаңалықтар

Ғалымдар назар аударуы тиіс бағыттар белгіленді

28.10.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жаңа оқу жылы түбегейлі өзгерістермен басталды. Ең бастысы, ешқандай сала назардан тыс қалған жоқ. Үш оқу корпусында күрделі жөндеу аяқталып, студенттер жатақханаларында жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ ҚазҰУ кітапхана қоры сирек кездесетін кітаптармен толықса, профессор-оқытушылар құрамына әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жалақы мөлшері көбейді. Осындай игі істердің барлығы университеттегі жаңа басшылықтың бастама көтеруі себепті жүзеге асырылып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, Ж.Түймебаев университет ректоры болып тағайындалғалы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл орынды әрі объективті. Өйткені елімізге құқықтық және адамгершілік мәдениеті жоғары, құқықтық санасы жетілген жаңа кадрлар қажет.

Біздің университет бүкіл әлемге, ең алдымен гуманитарлық бағыттағы жоғары оқу орны ретінде танымал. Мұнда алыс шетелдерге белгілі ғылыми мектептер жұмыс істейді. Жансейіт Қансейітұлы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы факультеттердің профессор-оқытушылар құрамымен және жас ғалымдарымен кездесуінде саладағы көптеген жетістіктерімізді сөз етті. Жиында ғалымдар ерекше назар аударуы тиіс негізгі бағыттар белгіленді. Ректор ҚазҰУ-дың еліміздің флагманы және үздік жоғары оқу орны екенін атап өтті. Университет жеткен осы жетістіктерді әрі қарай жетілдіру ұжым алдындағы ең басты мақсат. Сонымен бірге ғылыми зерттеулерді практикаға енгізуге ерекше назар аударылуы тиіс.

Заң факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы нағыз кәсіби мамандардан құралған. Бұлай деуіміздің бір себебі – 2020-21 жылдары факультетіміз мемлекеттік сатып алу келісімшарты негізінде нормативтік-құқықтық актілерге жемқорлыққа қарсы ғылыми экспертиза жасады. Келісімшарттың жалпы құны 1,2 млрд теңгеге жуық. Алдағы жылы бұл жұмыс өз жалғасын табады. Нәтижесінде 2021-22 жылдарға арналған келісім құны 11 ай үшін 1,8 миллиардқа жуық теңгеге жетіп отыр.

Заң факультетінде бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде, «Құқық» бағытындағы барлық мамандықтар бойынша білім беріледі. Оның ішінде «Юриспруденция», «Құқық қорғау органдары» мен «Кеден ісі» де бар. Қазіргі таңда факультетте жеті ғылыми орталық жұмыс істейді. Ал түлектеріміз мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау жүйесінде, мемлекеттік емес сектор мен азаматтық қоғамда жоғары сұранысқа ие. Демек, университет жетістіктеріне заң факультетінің қосқан үлесі орасан зор.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы болашақ мамандарымыз, яғни түлектердің гуманитарлық тәрбиесіне ерекше назар аударды. Ал бұл процесте әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы білім аса қажет.

 

Дәулет БАЙДЕЛДІНОВ,

з.ғ.д., профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

заң факультетінің деканы