- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Биология ғылымын көркейткен қайраткер
01.11.2021Халқымыз «Ғылым – теңіз, білім – қайық, білім іздеген өсер» дейді. Біз физиология ғылымын жан-жақты жетік білетін, ұзақ жылдар бойы студенттерге дәріс оқып, олардың талайын білімді ғалым етіп шығара білген, өзінің ғылыми мектебі бар, биология ғылымының докторы, профессор Қабдрахман Дүйсембіұлы туралы айтқымыз келеді.
«Білімге құмарлық – атадан» деп дана адам айтса керек. Қабдрахман Дүйсембіұлы бесінші сыныптан бастап басқа ауылға барып оқуын жалғастыруға мәжбүр болды. Әкесі Дүйсембі: «Балам, азамат болып, оқуыңды жалғастыруға бара жатырсың. Қазақ «Байлықтың кілті – ғылым» деген. Ендеше сен сол байлықты жинауға бара жатырсың. Адамның жүрген жолының бәрі білім, тек соны айыра білу керек», – деп, баласын Тобылжан ауылына апарып, танысының үйіне орналастырды. «Менің оқуға құштарлығым әкемнің сол сөздерінен басталса керек», – дейді Қабекең балалық шағын есіне алғанда.
Оның оқуға бейімділігін, ынтасын сезген майдангер мұғалім Бейсен Ахметұлы оқуды жақсы оқығандардың арасында оның да атын атап, 9-сыныпты бітірген балаларға білімдерін жалғастыру үшін Павлодардағы педагогикалық училищеге баруға кеңес береді. Сөйтіп, Қабекеңнің педагогтік дара жолы басталады. Педучилищені бітірген соң, 1948 жылдың тамыз айында Алматыға, С.М.Киров атындағы еліміздегі жалғыз университетке жол тартады. Сол кездегі университет ректоры Т.Тәжібаевтың қабылдауында болып, ақыл-кеңесін сұрайды. Т.Тәжібаев: «Биология факультетіне қалай қарайсың? Биологияға қазір көп мән берілуде. Қазақстанда да өз Мичуриндері, Сеченовтары мен Павловтары болуы керек қой», – деп жөн сілтейді. Осылайша ол биология-топырақтану факультетіне документтерін тапсырып, білімін жалғастырады.
1953 жылы университеттен «адам мен жануарлар физиологиясы» мамандығын алып, Қабекең сол жылы Кеңес Одағындағы аты әлемге әйгілі Ленинград қаласындағы И.П.Павлов атындағы Физиология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, оқуды жалғастырады. Онда дүниежүзіне белгілі Л.А.Орбели, К.М.Быков, Е.М.Крепс, П.К.Анохин сынды ұлы ғалымдардан дәріс алды.
И.П.Павловтың зертханасы Колтуши деп аталатын, Ленинград қаласына жақын жерде орналасқан. Сол жерде Қабдрахман Дүйсембіұлы «лактацияның атасы» атанған профессор И.А.Барышниковтың жетекшілігімен малдың сүт безінің қызметін тежейтін гормондардың әсерін зерттей бастайды.
Кейіннен Қабекең елге қайтып, Алматыдағы Ғылым академиясының Физиология ғылыми-зерттеу институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-65 жылдары бірінші болып биені аппаратпен сауу технологиясы мәселесін көтерді. Ойын іске асырып, нәтижесінде 1971 жылы КСРО Мемлекеттік ғылыми-техникалық комитетінің жүлдесін ұтып алды. Сонымен бірге лактация физиологиясының алғашқы зертханасы ашылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік тудырды.
1990 жылы Қ.Дүйсембіұлын ҚазКСР Ғылым академиясы Физиология институтының қызметкерлері институт директоры етіп сайлады. Қабекең Р.А.Гареев және И.Я.Клейнбок секілді профессорлармен бірге алғашқы қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтың физиологиялық ғылыми бағдарламаларын жоспарлауға қатысты.
Қ.Дүйсембин Венгрия, Болгария, Италия, Үндістан, Камбоджа, Моңғолия, Пәкістан, Чехия мен Ресейде өткен халықаралық ғылыми конгрестер мен симпозиумдарда баяндама жасап, гипогалактия мен оның алдын алу мәселелерін дүниежүзілік деңгейде талқылады. Ол Коперникус, ҚР-ның ғылыми қоры бойынша жүлделер, көрнекті ғалымдардың арасындағы сайыста мемлекет стипендиясын ұтып алды. Қазір Қабекеңнің шәкірттері Франция, Вьетнам, Ресей, Украина мен Қырғызстанда келісімшарт бойынша қызмет етіп жүр.
Қ.Дүйсембіұлының жетекшілігімен 30 адам кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. Мұның бәрі ағамыздың ғылыми еңбектерінің нәтижесі.
Академик Қ.Дүйсембіұлының ғылыми баспадан шыққан 240 еңбегі бар. Оның ішінде бес монография, қазақ тілінде жазылған үш оқулық және бірнеше оқу құралдарын атап өтуге болады.
Қ.Дүйсембіұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі жоғары бағаланып, ол ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының толық мүшесі және Халықаралық интегративті антропология академиясының академигі, Қырғызстан Республикасы Ұлттық академиясының Биотехнология институтында және Медицина академиясының докторлық диссертация кеңестерінің мүшесі (2003-2016 жж.), ҚР ҰҒА-ның Адам және жануарлар физиологиясы институтының құрметті директоры (2007-2016 жж.), Павлодар облысы Успен ауданының құрметті азаматы (2011 ж.) болып сайланды.
Қабекеңнің зайыбы, жан досы Зайра Мағауияқызы – профессор, халық ағарту ісінің үздігі. Бүгінде Қабдрахман Дүйсембіұлы өзінің 90 жылдығын тату отбасы, достары, шәкірттері, оқушылары мен әріптестерінің жанында қарсы алып отыр. Аса құрметті және қадірлі Қабдрахман Дүйсембіұлы, мерейтойыңыз құтты болсын!
Сұлтан ТӨЛЕУХАНОВ,
Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының профессоры, б.ғ.д.