Жаңалықтар

ҚазҰУ өкілдерін вице-министр қабылдады

28.10.2021

Түркияның Қоршаған орта және урбанизация вице-министрі Мужахит Демирташ Түркия төрінде ұйымдастырылған ХVI халықаралық Анкара кітап көрмесіне қатысып жатқан қазақстандық делегацияны қабылдады.

Кездесуге ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректорының кеңесшісі Мәлік Отарбаев, жазушы Нұрғали Ораз, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, ҚазҰУ Тәрбие департаментінің директоры Жұлдыз Есімова, Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Қаншайым Байдәулет қатысты.

Әңгіме барысында М.Отарбаев университет басшысы Ж.Қ.Түймебаевтың сәлемдемесін жеткізіп, оқу орнының технопаркінде қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша жүзеге асқан жобаларды таныстырды. Вице-министр өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде қалыптасқанын және білім ордасымен тікелей байланыста жұмыс атқаруға ниетті екенін атап өтті.

Тараптар туыстас мемлекеттер арасындағы мәдени алмасулар мен рухани байланыстың тереңдей түсуіне ықпал ететіндерін жеткізіп, М.Отарбаев вице-министрге кітап көрмесінде тұсауы кесілген жаңа жинақтарды табыс етті.

Кездесу соңында Ыстанбұл қаласы Бағыжылар муниципалитеті мэрінің орынбасары Мұстафа Араш ҚазҰУ өкілдеріне ризашылығын білдіріп, жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнатуға келісім берді.