Жаңалықтар

Журналистер тәлімгері

02.11.2021

Журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, ғалым, профессор м.а. Назгүл Шыңғысова мерейлі 50 жасқа толып отыр. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1999 жылдан бастап қызмет етеді.

1995 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін үздік дипломмен аяқтап, аспирантура бөлімінде 1995-98 жылдары білімін жетілдірді, 1999 жылы «Қазақ теледидары жастар бағдарламасының проблемалары» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Осы жылы факультеттің Телевизиялық журналистика кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды.

2001 жылы іргесі қаланған БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасына аға оқытушы ретінде қабылданды. 2002-10 жылдары БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасының доценті, 2011 жылдың қыркүйегінен бастап ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы меңгерушісінің ғылым, инновация, халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады әрі РИСО мүшесі. «2011 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері. Назгүл Тұрсынбайқызының 1999 жылы «Қазақ теледидарының жастар бағдарламасы» оқу құралы, 2010 жылы «Өңірлік мерзімді баспасөздің өзекті мәселелері» монографиясы мен «Журналистика социологиясы» оқу құралдары жарық көрді. «Қазақ журналистикасы» үш томдығының авторлары қатарында.

Назгүл Тұрсынбайқызы өзінің ғылым мен білім саласындағы барлық тәжірибесін білімді ұрпақ тәрбиелеуге, студент, магистранттарға сапалы білім беруге, ұлттық рухты жастар бойына қалыптастыруға жұмсап келеді. Қаламы қарымды журналист, бастаған ісін аяқтағанша тынбайтын еңбекқор, жан-жақты білімді, уәдеге берік тұлға. Өнегесі мол, тағылымды туындылары мен рухани құндылықтары бүгінгі қоғамдық ой-сана үшін аса зор маңызға ие.

Осы орайда, мерейтой иесіне өзінің ұзақ жылдар бойы басқарған ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұжымы атынан зор денсаулық, отбасына амандық және еңбектерінің жемісін, шәкірттері мен әріптестерінің құрметін ұзағынан көріп, балалары мен немерелерінің мейір-шапағатына бөлене беруіне тілекшіміз!

 

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұжымы