Жаңалықтар

«Кереметте» сән студиясы ашылды

03.11.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы Beauty secret заманауи сән студиясымен толықты.

Жаңадан ашылған орталық соңғы үлгіде жабдықталған. Мұнда бүгінгі күннің сұранысына сай, жастарға қажетті қызметтің түр-түрі қамтылған. Кәсіби білікті мамандар бет әрлеу, шаш қию және сәндеу, тырнақ, қас-кірпікті әсемдеу сынды көптеген қызмет түрін көрсетеді. Сонымен қатар келушілерге косметолог және массаж саласында бет және дене күтіміне қатысты процедуралар толықтай ұсынылады. Бағасы да көпшілік үшін қолжетімді. Мәселен, шаш қидыру – 1000, тырнақ күтімі 500 теңгеден басталса, маникюр, педикюр 1500-3000 теңге айналасында. Жастарға арнап «Өзің кел, досыңды ерте кел» науқаны ұйымдастырылып, жеңілдіктер қарастырылған.


Сұлулық салонының қызметкерлері келушілерді уақытымен қабылдап, көңілінен шығуға барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Мамандар теріні тазалау және емдеу, жасартатын ем-шаралар, маникюр, пилинг және тағы басқа қызметтерді сапалы әрі жоғары деңгейде ұсына отырып, қайталанбас образ жасауға да көмектесетінін алға тартты.


Сән студиясының алғашқы тұтынушылары өз пікірлерімен бөлісті. Филология факультетінің 3-курс студенті Дина Полатханқызы: «Бүгін «Кереметтегі» сән салонына барып шашымды қидыртқан болатынмын. Шаштараздар өз ісінің маманы екені көрініп тұр. Шашымды тез әрі мен қалағандай жарасымды етіп қиып берді. Бағасы да көңіл қуантарлық. Алдағы уақытта тағы келетін боламын», – деп ризашылығын білдірді.

Ал ақпараттық технологиялар факультетінің 3-курс студенті Алмат Қасымқұлов салонның жайлылығын ерекше атап өтті. «Алғаш кірген сәттен салонның іші ұнады. Жайлы әрі әдемі екен. Қызметкерлері де өте сыпайы. Шашты өзім қалағандай жақсы алады екен. Қалашықтың қақ ортасынан осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымын», – деп, достарына кеңес беретінін жеткізді.

Механика және математика факультетінің 3-курс студенті Ақерке Асқарбекқызы болса мұнда маникюр жасатқанын айтады. «Жақында ашылғанына қарамастан, бұл орталық қызмет көрсетуді бастап кетті. Мен осы сән салонында маникюр жасаттым. Шеберлер өз жұмысын ұқыпты әрі сапалы жасайды екен. Гигиеналық талаптар қатаң сақталып, бір реттік құралдар қолданылды», – дейді Ақерке.

Айта кетсек, «Керемет» СҚКО – оқу-білім беру, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-тынығу қызметтерінің толық кешені бар бірегей мекеме. Орталықта жуырда жастар игілігі үшін бір мезетте 150 адамға қызмет көрсететін үлкен асхана ашылған болатын.

Сән орталығы сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі