Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Student Sky» media club ашылды

4-қар-21

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы негізінде құрылған «Student Sky» media club ашылды.

Клубтың негізгі мақсаты – ҚазҰУ имиджін қалыптастыру, мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы ақпараттар ағымын қолжетімді ету, заманауи трендтерді меңгеріп, Қазақстандағы медиа саласының үздіктерімен кездесулер ұйымдастырып, тәжірибе алмасу.

«Student Sky» media club жетекшілері Еламан Есениязов, Бегман Әйгерім арнайы таныстыру шарасын ұйымдастырып, клубтың 2021/22 оқу жылына арналған жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар клубтың негізгі бағыттары – Instagram, Facebook, Telegram, YouTube желілері мен сайт жұмыстары бойынша әрбір атқарылатын істер мен жобаларға тоқталып өтті.

Клубтың ашылу салтанатына «Жастар» ұйымдары комитетінің жетекшісі Мәдина Ысқақова мен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Бақдәулет Баймаханұлы қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Кездесуге қатысушылар қоғам өмiрiнде ақпарат ерекше маңызды рөл атқаратынын, медиаклуб әлеуметтік студент жастар мен университет арасындағы алтын көпір болатынын тілге тиек етті.

Жастардың тек білім алып қана қоймай, заманауи салалардағы біліктіліктерін арттыру үшін зор мүмкіндіктерге жол ашатын медиаклубқа сәттілік тілейміз.