- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жаңа талап – басты бағдар
05.11.2021Ұлы ойшыл әл-Фараби есімін иеленген университетте болып жатқан әр алуан жаңалық тек университет ұжымын ғана емес, республика жұртшылығын да елеңдетері анық. Өйткені Әл-Фараби университеті қазақ білімінің қарашаңырағы ғана емес, бүгінгі таңдағы білім мен ғылым саласындағы қазақ бренді де. Ұлы ғұлама әл-Фараби есімі тек ҚазҰУ-дың ғана емес, еліміздің имиджін әлемдік деңгейге көтеруге ықпал ететін аса құнды рәміздік капитал санатында екені тағы бар. Қазіргі таңда университет ғалымдары еңбегінің тек қазақ көгінде ғана емес, әлемдік деңгейде таныла бастауының маңыздылығы арта түсуде. Бұл туралы жақында өткен гуманитарлық ғылым саласындағы ғалымдармен кездесуінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев мырза ерекше атап өтті.
Бүгінгі әлемдік білім мен ғылым теңізінде қазақ гуманитарлық ғылымы еркін жүзе алмай келе жатқаны рас. Бұл қазіргі қазақстандық ғылым кеңістігінде бар өзекті мәселе. Ректор Ж.Түймебаев гуманитарлық саладағы ғалымдармен кездесуінде бұл мәселені ашық айтты. Бүгінгі таңда әлемдік ғылым ұмтылып отырған халықаралық деңгейдегі Scopus немесе Web of Science базасындағы журналдарға мақала жариялаудың мәні ерекше екенін ескертіп, қазақ ғалымдарының танылуы үшін оның маңызын атап көрсетті.
Шынында да, қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы шетелдіктерге қызық па, біздің жеке әдебиетіміз бен тіліміздің мәселесін кім керек етпек деген пікірдің тым ұшқары екенін мойындауымыз керек. Бұл қазақ тілі мен тарихын, әдебиетін өзіміздің ішкі бағаламауымызды танытпай ма? Кешегі В.Радлов, А.С.Пушкин, Кастанье, Н.Абрамов, Г.Потанин, А.Фролов, Е.А.Александров, А.Е.Алекторов, В.М.Жирмунский т.б. қызыққан, бағалаған, зерттеген қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті, В.Рубрук, М.Полодан бастап, П.С.Паллас, А.И.Левшин, Н.Я.Бичурин жалғаған, Н.М.Карамзин, Е.М.Соловьев, В.В.Вельяминов-Зернов, М.И.Иванин т.б. сынды тарихшылар қарастырған қазақ тарихы бүгінгі әлемдік ғылымға қызық емес деуге сену қиын.
Шындап келгенде, мәселе ғылыми жетістікті теориялық тұрғыдан жүйелей, ағылшын тіліне дұрыс әрі анық аударып, талапқа сай жеткізе білуге келіп саяды. Мәселе – өзекті. Қазіргі басшылық қойып отырған жаңа талап тек талап қана емес, оны шешудің нақты жолдарын да ұсынады. Ұлы дала тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті туралы кешегі жазылған классикалық ғылыми ізбен жапсарлас жүйелі терең зерттеулер жазылуы тиіс. Ректорымыз елімізде және шетелде басылған ғылыми зерттеулерді ынталандырудың болатынын ескертті. Алда жаңа талаптарды басты бағдар ретінде алып, үлкен ғылыми ізденістер жасау міндеті тұр.
Ғылым саласында 30 жылда жазылған жақсы еңбектер баршылық. Оны республикалық деңгейде бағалап, насихаттап, мол тиражбен көрсете білудің маңыздылығы мен ғылыми жағынан маңызды саналған зерттеулерді қайта бастыру ісінің де қолға алынатыны қуантты.
Жансейіт Қансейітұлы оқу пәндеріне қатысты білім бағдарламаларының ескіргенін де алға тартып, оқытудың сапасына ерекше назар аударылатынын атап көрсетті. Оқыту сапалы болу үшін студентке ұсынылатын оқулық қана емес, оқытушы-ұстаздың да білім деңгейінің жоғары болуының, дәрістің жаңа технология жетістіктерімен жетілдіріле өтуінің маңызды екенін жақсы ескертті. Осы ретте әртүрлі себеппен өзге ЖОО-ға кеткен, ғылымда үлкен орны бар ірі ғалымдардың университетке қайта оралып жатқанын да айту орынды. Сондай-ақ университет оқу ісіне пайдалану үшін компьютерлер мен басқа да құрылғылар алып жатқаны айтылды. Бұл да біз үшін қуанышты жайт. Өйткені кафедралардағы саны бар да, сапасы жоқ (сапа түгіл, басуға жарамсыз көп компьютер туралы айтпасақ та болады) техникалық құралдардың күні өткен-ді.
ҚазҰУ болашақта зерттеу университеті болуға ұмтылады. Зерттеу университетіне қойылатын биік талапқа сай болу үшін атқарылатын жұмыстар да аталды. Білім беру бағдарламаларын жаңарту жолдары бойынша ойға келген бір ұсыныс – қазіргі бағдарламаларды (силлабус) жазуда ұсынылатын әдебиеттер тек соңғы бес жылдағы еңбектер болсын деген талап бар. Шындап келгенде, ғылымның дамуы бес жылмен бағаланбасы анық. Студенттерге кейде қазіргі оқытушы шығарған оқу құралынан гөрі А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейханов, Ә.Марғұлан, З.Қабдолов, М.Томанов, С.Мырзабеков, Х.Қаримов, С.Исаев, М.Оразов, Ә.Қайдаров еңбектерін оқытудың мәні мен маңызы артығырақ. Сондықтан әдебиеттің сапасы мен құнын шыққан жылмен есептеуге болмайды. Силлабус демекші, бізде мұны жыл сайын, тіпті кейде бір жылда екі рет алмастыру орын алатыны рас. Силлабус, бағдарлама жазуды үш жылға арнап жасау – білім беру ісінің жүйелілігі мен орнықтылығын қамтамасыз етер еді.
Қазақ тіл білімі кафедрасы – ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қашаннан республикадағы жетекші кафедра. Қазақтың ірі ғалымдары қалыптастырған кафедраның өзіндік дәстүрі мен жолы бар. Қазіргі таңда кафедра біраздан бері көңіл бөлінбей, ұмытылып бара жатқан ғылыми-әдістемелік семинарды республикалық деңгейде қайта жандандыра бастады. Кафедра ғалымдарының дәрістері Facebook, Youtube желілері арқылы таратылуда. Көшбасшы дәрісі ұйымдастырылып, оған әлемдік деңгейдегі ірі түркітанушы ғалымдарды тартып, дәріс оқыту көзделуде, АҚШ, Еуропа, Түркия ғалымдары бүгінде Zoom платформасы арқылы дәріс оқуға келісім берді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында кафедрамызда біраз іс-шаралар қолға алынуда. Қазақ тіл білімі кафедрасы Қазақстан халқының тілдері күніне орай, Тілдер фестивалін ұйымдастырды. Факультеттерде танымдық көшбасшылық дәрістер, танымдық кештер, дөңгелек үстелдер өткізілді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция жұмысына мәжіліс депутаттары, ғалымдар мен белгілі қоғам қайраткерлері, оқытушылар және студенттер қатысты.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлы дала құндылықтары: тәуелсіздік және тіл» атты халықаралық конференция, қазақ тілі пәнінен «Қазақ тілде сөйле әлемді таң қылып, Қазақстан – тәуелсіз ел мәңгілік» атты республикалық олимпиада ұйымдастырылмақ. Ондағы мақсат – еліміздің жоғары оқу орындарындағы өзге ұлт студенттерінің мемлекеттік тілді білумен қатар, халқымыздың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын тану деңгейін көтеру және мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту.
Талап – жаңа, бағдар – бар. Осы бағдарға сәйкес, сапалы білім беру ісінің, классикалық үлгідегі ғылымды жаңғыртудың қолға алынғаны қуантады.
А.САЛҚЫНБАЙ,
ф.ғ.д., профессор,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі