Жаңалықтар

Қанат САУДАБАЕВ, мемлекет қайраткері: Дипломатия қазақтың қанында бар қасиет

08.11.2021

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «30 жылдыққа – 30 апталық» бағдарламасы аясында оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер алдында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және сыртқы саясаттағы жетістіктер» деген тақырыпта дәріс оқыдым. Еліміздегі ең көне қарашаңырақ оқу ордасының ұжымымен жүздесу мен үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Сондықтан ректор Жансейіт Түймебаевтың шақыртуын қуана құп алып, білім ошағына ерекше толқыныспен келдім. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның өткенінен сыр шерту, естелік айту – жүректі қозғайды, көңілді тербейді.


Сол кездесуде айтылған біраз ойымды бүгін қағазға түсіріп, қалың көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.

Арада 30 жыл уақыт өткеннен кейін жаңа мемлекеттің тарихында жасалған әр қадамның заңды, әділ әрі тұрақты болғанына барлығымыздың көзіміз жетіп отыр. Осы күні еске алуға оңай, алайда сол жылдары сын сағатында ел мен жер тағдырына араша тұрып, халық алдындағы теңдессіз жауапкершілікті мойынға алу әсте жеңіл шаруа емес еді. Ішкі-сыртқы саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуал күрделеніп, жағдай тығырыққа тіреле бастағанда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ауыр жүктің бәрін өз иығына артып, көшбасшылық танытты.

Кеңестік дәуірде Мәскеумен арақатынасымыз басқаша еді. Олар одақтас республикаларды бағып, асырап отырғандай көретін. Сондай бір елең-алаң күндері Нұрсұлтан Әбішұлы мені шақырып алып, Қазақстанның өкілетті өкілі ретінде Мәскеуге жібермек ойы бар екенін айтып, ашық әңгімелесті. Осы күні сол сәт есіме түскенде Елбасының көрегендігіне, стратегиялық тұрғыдағы жасаған болжамына қайран қаламын. Екеуара жүздесуде Нұрсұлтан Әбішұлы жағдайдың мәз еместігін, Одақ шаруашылығының шатқаяқтағанын, келешекте тіпті Кеңес Одағы болмай қалуы мүмкін екенін айтты. Шыны керек, бұл мен күтпеген дүние еді.

 Мен, өзі, табиғатымнан эмоционалды адаммын, ойыма не келеді, қандай мәселе мазалайды – бүкпесіз тіке айтатын әдетім бар. Ол кісіге қолымнан не келетінін, қандай шаруаға икемім барын жеткізіп жатырмын. Бірақ болашақта Кеңес Одағы бола ма, болмай ма – ол жағы белгісіз. «Мәскеуге барып, бәрін бүлдіріп келді» деген аты жаман, сол себептен бұл қызметтен бас тартатынымды жеткіздім. Нұрсұлтан Әбішұлы маған сенім артып отырғанын айтты, жарыммен ақылдасуымды сұрады. Мен ыңғай таныта қоймадым. Содан көп ұзатпай өзі менің жұбайыма хабарласты. «Күлеке, Қанат Бекмырзаұлын Мәскеуге аттандырғалы отырмын», – деді. Ол кісі бір ауыз сөзге келместен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Қанат – ине, мен жіппін», – деді. Мен не дейін, осыдан соң «сіз Президентсіз, егер сіз қаласаңыз, маған сенім артсаңыз, көндім» дедім. Міне, осылай менің Мәскеудегі қызметім басталып кетті.

Анығында, Мәскеудегі ахуалды көріп шошыдым. Бір кездері АҚШ-пен иық тірескен алып мемлекет күйреудің алдында тұр еді. Оның соңы Беловеж оқиғасына алып келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы өте табандылық танытты. Өзінің позициясын анық білдірді. Қазір оқиғаға қатысы жоқ адамдар естелік айтып, мемуар жазатын болып кетті. Оның бәріне бірдей сене беруге болмайды. Сол кездегі оқиғалардың бәріне тірі куәгер – менмін. Кез келген салада маман тапшы болды. Дипломатияда, сыртқы қатынастарда кәсіби мамандар жоқтың қасы-тын. Осы кезде Нұрсұлтан Әбішұлы менен «Кім бар, қандай талантты, іскер жігіттер бар?» деп сұрайтын. Біз әр министрліктен, әр мекемеден сыртқы саясатқа икемі бар деген жігіттерді тартып, сұрастырып, мінездемесін жазып, Елбасыға ұсынып жүрдік. Алғашқы дипломаттарды осылай тауып, дайындадық.

Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлымен жолымыз осы дипломатиялық қызметте түйісті. Қазақстанның тәуелсіздігін ең бірінші болып Түркия мемлекеті мойындағанын білесіздер. Еліміздің ең алғашқы елшілігі де осы Түркия елінде ашылды. 1992 жылы қазанда Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің тұсауы кесілді. Сол кездегі Түркияның Президенті Тұрғыт Өзалға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанға шақырған сәлемін жеткізіп, қазақтың ұлттық шапаны мен қылыш сыйлағаным есімде. Сыйлығымды қабыл алған президент Тұрғыт Өзалдың арқаланғанын көрсеңіздер ғой, «Бауырыма барамын, міндетті түрде Қазақ еліне келемін» деп уәдесін берді. Түркия басшысы өз сөзінде тұрды, ағалық ақ ниетін танытып, тәуелсіздігіміздің алғашқы ауыр жылдарында экономикалық жағынан қол ұшын беріп, көмектесті. Сол кезден бастау алған бауырлас, достық қарым-қатынасымыз бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

 1991 жылы, ол кезде әлі КСРО қатарындамыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Семей полигонын жапты. Сол тұста Кеңес Одағы қырық жыл бойы ядролық сынақ жүргізіп келген полигонды жабу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Осы жерде ерекше атап өткім келетіні – Кеңес Одағынан бізге екі экологиялық катастрофа мұраға қалды. Оның бірі – Арал, екіншісі – осы Семей полигоны-тын. Оған үшінші бір «апатты» қосыңыз. Қазақстан шикізаттың отаны болды, экономикамыздың 93 пайызы – шикізат, тек 7 пайызы ғана өз мұқтажымызға жұмыс істеді. Инфляция ауыздық бермей, 200 пайызға дейін өсті. Басқасын айтпағанда, осы үш «мұрамен» күресу, оларды тығырықтан алып шығу – ауызбен айтуға ғана оңай.

1992 жылы 17 қаңтарда Елбасы Ресей елімен арада еркін тауар айналымы мен қызмет көрсету келісіміне қол жеткізді. Одан кейін өздеріңіз білесіздер, еліміз Кеңес Одағынан қалған ядролық қару-жарақтан бас тартты. Біздің халық бейбітшілікті жақтайды, тыныштықта өмір сүргісі келеді, Тұңғыш Президентіміз ядролық қару-жарақтан бас тарту туралы шешім қабылдап, өте әділ қадам жасады. Сөйтіп, халықаралық қауымдастық бізге, біздің елімізге сенді. Егер басқаша шешім қабылдағанда жағдай қалай болар еді?

 2002 жылы Қытаймен, 2005 жылы Ресеймен арадағы шекарамызды белгілеп алдық. Қытай елінің сол кездегі басшысы Цзян Цзэминь Елбасына «Екі ел арасындағы шекараны қазір айқындап алу керек, болашақта бұл мәселе қалай шешілетінін ешкім білмейді, басқа ұрпақ келеді» дегені есімізде. Ал Қазақстан елінің астанасын Ақмола жеріне көшіру туралы шешім шығарғанда, шынын айту керек, Президентке сене қойған адам болған жоқ. Сол кезде Өзбек елінің марқұм президенті Ислам Каримов Нұрсұлтан Әбішұлына: «Мұндай шешімге келіп жатқаныңызға қарағанда, сіздің жүрегіңіз аттың басындай болу керек», – деп еді. Себебі сол тұста елдегі жағдай тым күрделі-тін. «Әлеуметтік-экономикалық ахуал асқынып тұрғанда ел астанасын қайтіп көшіреміз?» деген ой бәрімізде болды. Арада көп уақыт өтпей-ақ бұл қадамның да саяси-экономикалық жағынан стратегиялық мәні зор екеніне көзіміз жетті.

Ал 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті ше? Қазақстан бұл мақсатқа жету үшін әлемдік қауымдастықпен үш жыл бойы жұмыс жүргізді. Туған топырақта 55 елдің басшысын қабылдау қандай ғанибет десеңізші. ЕҚЫҰ саммиті Қазақстанның саяси аренадағы салмағын айқындап берді.

Айта берсек, тарихи оқиға өте көп. Бүгінгі күні оған лайықты баға беріліп жатыр, әлі де беріле бермек. ҚазҰУ-ға баруға дайындалып отырғанымда, ұлым телефон шалып, «Әке, не істеп жатырсыз?» – деп сұрады. Мен ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқитынымды, кездесуге баратынымды айттым. Сол кезде ұлым: «Әке, есіңізде ме, Йель университетіндегі бір кездесуде сізге елдегі коррупцияға қатысты сұрақ қойып еді ғой, сол кезде сіз қалай жауап береді екен деп, денем мұздап кетіп еді. Ал сіз ұтымды жауап айтып, көпшілікті риза қылып едіңіз», – дегенде, есіме сол кездесу оралды. Мен Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі болып жүргенімде бірде Йель университетіне кездесуге бардым, сонда ұлым залда отыр еді. Жемқорлыққа қатысты сауал қойылды. Мен: «Біз өзімізше жақсы өмір сүріп жатыр едік. Капиталистер келді де, бәрін құртты», – дедім. Залдағылар ду күлді. Мұндағы ойым – «коррупцияның түп-төркіні өздеріңізде, тамырын өздеріңнен іздеңіздер» дегенім ғой.

Иә, Қазақстанның отыз жылғы дамуы, жетістігі көз алдымызда тұр. Ол – мемлекеттің тарихы, шежіресі. Біз қолымыздан келгенін істедік. Енді жас ғалымдар бүгінгідей бәсекеге ден қойған заманда бізден де мықты, бізден де үздік, бізден де білімді болулары керек. Өйткені қазір заман басқа, заң басқа. Қазақстанның ендігі болашағы жастардың қолында. Елді, жерді сүю – тәрбиеден. Патриотизмді шыңдаған жөн. Болашақта жойқын бәсекеге төтеп беретін мықтылар ғана елді алға сүйрейді. Міне, қазіргі буынның алдында осындай мақсат-міндет тұр. Сол үдеден шығу үшін бізге аса білімдар ұрпақ қажет.