- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Мексика тарихы қазақ тіліне аударылмақ
08.11.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Мексика Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хосе Луис Мартинес Эрнандес бастаған делегациямен кездесу өткізді. Тараптар екі елдің білімі мен ғылымын дамыту мақсатында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.
Жансейіт Түймебаев мейманға шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жасаудағы университеттің тәжірибесімен бөлісті. Ректордың айтуынша, бүгінгі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 400-ден астам халықаралық келісімге қол қойылған. Осы құжат аясында түрлі оқу-білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар университет ректоры ҚазҰУ-дың Мексика университеттерімен жасалған келісімдері туралы ақпарат берді. «Мексиканың ұлттық автономды университетімен ынтымақтастық шеңберінде жасалған келісімді жоғары бағалаймын. Осы келісім аясында теориялық және ядролық физика саласындағы ғылыми-зерттеу жобалары іске асырылды. Сондай-ақ студенттердің тәжірибе алмасуынан бөлек, «Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік мамандарды тарту» бағдарламасы шеңберінде лекциялар оқу және ғылыми басшылықты жүзеге асыру үшін жетекші ғалымдар белсенді түрде тартылуда», – деп атап өтті университет ректоры.
Хосе Луис Эрнандес ректорға Мексика ұлттық автономды университетінің жұмысы туралы ақпарат берді. Мейманның сөзінше, Мексикадағы оқу орны білім беру, зерттеу және мәдениетті дамыту сынды үш негізгі бағытта жұмыс жасайды. Сондай-ақ ол ҚазҰУ басшысын Мадрид автономиялық университетінің ректорымен кездесуін ұйымдастырғысы келетінін жеткізді. «Ректорлардың танысуы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі арттыруға негіз болады», – деп санайды Хосе Луис Мартинес Эрнандес.
Сонымен қатар сұхбат барысында Мексика Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі 150 беттен тұратын «Мексиканың тарихы» атты кітабын қазақ тіліне аудару туралы ұсынысын айтты.
Кездесу соңында Хосе Луис Мартинес Эрнандес серіктестікті одан әрі арттыру маңызды екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ бірлескен жобалар бойынша жұмысты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға жұмыс сапарымен келгені үшін алғыс айтып, «FARABI» кітабын сыйға тартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі