Жаңалықтар

Үнемі ізденіс үстіндегі ұстаз

09.11.2021

Адамзат ақпарат ғасырына қадам басқан қазіргі таңда өскелең буын тәрбиешісі, рух сәулетшісі – ұстаз рөлі өлшеусіз өсті. Мұны өз университетіміздің мысалынан да айқын көріп отырмыз. Олар халықтың көкірек көзін ашып, санасына ілім-ғылымның нұр сәулесін құятын, ұрпақ бойына ұлттық және азаматтық құндылықтарды сіңіретін бірден-бір тұлға.

Журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының аға оқытушысы, PhD Шәрипа Нұржанова осындай абзал жандардың бірі. Қарашаңырақтан 1988 жылы түлеп ұшқан, факультет ұжымына үздік оқуымен, қоғамдық белсенділігімен танылып, ғылыми жұмыспен студент шағынан айналысқан талантты жас сол жылы Телерадиожурналистика кафедрасына оқытушылық қызметке шақырылды. 1992 жылдан бастап аға оқытушы қызметін атқарған Шәрипа Сыздыққызы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің төрт айлық біліктілік арттыру институтына жіберіліп, білімін шыңдады. Сабақ бере жүріп, белгілі тележурналист Нұртөлеу Иманғалиұлы басқарған жастар бағдарламасының Бас редакциясында қосымша қызмет атқарды, «Останкино» телестудиясының 9-шы студиясының «Черный ящик» бағдарламасында бас редактор Дильбаро Кладоның жетекшілігімен төрт ай тәжірибеден өтті. Осы кезеңде АҚШ-тың Гарвард университетінің профессоры Алан Крупниктің «Қоғамдағы әлеуметтік проблемалар» жобасы бойынша үш жыл қатарынан социолог-кеңесші қызметін атқарды.

Шәрипа Сыздыққызы үшін аяулы ұстазы, биік адамгершілік қасиеттер иесі, ұлттық электронды бұқаралық ақпарат құралдары туралы ғылымның көш басында тұрған Марат Барманқұловтың орны ерекше. Ол ұстазы туралы былайша толғанады: «Диплом алғаннан кейін Ғылым академиясына жұмысқа орналасып жүрген сәтімде профессор Марат Кәрібайұлы кездесіп қалып, жұмысқа шақырды. Менің университеттегі өмірім осылай басталып кетті. Ұстазымнан көп нәрсені үйрендім».

Шығармашылық жұмысты ұстаздықпен ұтымды ұштастырған Шәрипа Сыздыққызы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығының шақыруымен журналистика бөлімінде 1994-97 жылдар аралығында дәріс оқыды. «Хабар» ақпараттық телеарнасының шаңырағын көтеруге атсалысып, тілшіден бағдарламаның жауапты шығарушы редакторы лауазымына дейін көтерілді. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасында еңбек еткен жемісті жылдары «Халықаралық брендинг және отандық PR», «PR теориясы мен практикасы», «PR-дағы қаржыны басқару», «ТВ-жаңалық шығарылымындағы халықаралық блоктар», «PR-жобалардың бизнес-жоспары», «Имиджелогия» пәндерінен дәрістер оқып, семинар сабақтарын жүргізіп келеді. Болашақ қоғаммен байланыс мамандарына тәлімді тәрбие, үлгілі өнеге беруге де белсене араласып, студенттік топ кураторы ретінде іс-шараларды жүзеге асырды.

Ол Jurfak.kz сайтының жауапты редакторы бола жүріп, еліміздегі және шет мемлекеттердегі халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға белсене қатысады. Домбыраның қос ішегіндей шығармашылық ізденіс пен ғылыми-зерттеу жұмысын қатар өрбітіп, «Хабар» ақпараттық агенттігінде 200-ден аса телехабары мен «Жас Алаш» («Лениншіл жас»), «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Көкшетау правдасы», «Алматы ақшамы», «Кентау правдасы», «Қазақстан пионері» және басқа газеттер мен «Ақиқат», «Мысль», «Женщины: Восток-Запад» журналдарында 100-ден аса мақаласын жариялады, екі ұжымдық монография, екі оқу-әдістемелік құралдың авторы атанды, бес ғылыми кітаптың редакторы болып, көптеген ғылыми мақалалары отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көрді.

Ш.Нұржанова университет пен факультетіміздің халықаралық қатынастарын дамытуға өзіндік үлесін қосуда. Осы орайда, Шәрипа Сыздыққызының А.Мицкевич атындағы университетпен, Мәскеу мемлекеттік университеті, Қырғыз ұлттық университеті, Пенза мемлекеттік университеттерімен арадағы әріптестікті нығайтуға сіңірген еңбегін ерекше атауға болады. Әріптесіміз Ш.Нұржанованы мерейтойымен құттықтаған Польша – Қазақстан сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы Петр Гузовский мен Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінің проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Тадеуш Валлас та өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Жақында Шәрипа Сыздыққызы Адам Мицкевич университетінің 100 жылдығына орай өткізілген мерейтойлық жиында баяндама жасап, аталмыш оқу орнының медалімен марапатталды.

Шәрипа Сыздыққызының шәкірттері бүгінде кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде қоғаммен байланыс және журналистика, мемлекеттік қызмет саласында еселі еңбек етуде. Ғылыми және шығармашылық ізденістерін зерделі зерттеулермен ұштастыра білген ұстаз кемел шағында. Оның алар асулары әлі алда.

 

Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,

 ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, профессор м.а.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті