Жаңалықтар

Тұғыры биік тұлға

10.11.2021

Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханұлы – ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі» атты дөңгелек үстел өтті. Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. 

XX ғасырдың 90-жылдарында еркіндікке енді ғана аяқ басқан еліміздің алғашқы күндерінде біршама жетістікке жеткені белгілі. Алғаш   тілінің, дінінің ерекшеліктерін және рухани құндылықтарды қайта жаңғыртып, қазақ ұлтының «халық жауы» атанған Алаш зиялылары ақталды. Тарих беттеріне қайта қарап, ақ пен қараны ажыратуды білдік. Нәтижесінде   әкімшіл-әміршіл жүйе ықпалымен қалыптасқан тарихты қайта қарап, бұған дейін бұрмаланған мәселелерді жаңа қырынан ашып көрсетуге мүмкіндік туды.

Қазақ халқының тарихында азаттықты аңсап, өз елінің тәуелсіздігін қорғаған тарихи тұлғалар аз емес. Ә.Бөкейханұлының олардан айырмашылығы – тәуелсіздік жолындағы күресті өркениетті елдердің дәстүрімен партия құрып, саяси жолмен жүргізуінде.

ҚР ҰҒА құрметті академигі, т.ғ.д., профессор Т.Омарбеков дөңгелек үстелде: «Тағдыры қайғылы аяқталғанына қарамастан, Ә.Бөкейханұлы елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын ойлап, оның жарқын болашағы үшін күресті. Оның идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет. Ұлт көсемі өз заманында жасаған жоспар-бағдарлама бүгінгі тәуелсіз Қазақ елін басқару, дамытып-өркендетуге, яғни жаңа дәуірге лайықты жасалды», – деп, ұлт көсемі туралы тағылымды пікірімен бөлісті.

Жиын барысында т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов Ресей ҒА Сібір филиалының Тарих институтын басқарған т.ғ.д., профессор В.И.Козодойдың «Алихан Букейханов. Человек-эпоха» (Новосибирск, 2021) атты кітабын таныстырды.

Сонымен қатар жиынға ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Б.Кәрібаев, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Т.Омарбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, т.ғ.д., профессор З.Қабылдинов, ф.ғ.д., профессор А.Ісмақова, тарих факультетінің деканы, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор М.Ноғайбаева, белгілі ақын А.Ахметбекұлы және профессор-оқытушылар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының рухани мұраларын жастардың бойына сіңіру мақсатында өткен дөңгелек үстелдің тағылымы мол болды.

 

Гүлнар Қозғамбаева,

Қазақстан тарихы кафедрасының профессор м.а.