Жаңалықтар

Халық көтерілістеріне құқықтық баға берілуде

15.11.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 жарлығы тарихымызда орын алған әділетсіздіктерді объективті тұрғыда қалпына келтіруге жол ашты.

Бұл мемлекеттік деңгейдегі өте жауапты әрі маңызды шара бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік комиссия құрамында ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің осы саланы зерделеп жүрген танымал ғалымдары бар. Сонымен қатар республикамыздың 17 аймағында өңірлік комиссиялар құрылып, қазіргі кезде нәтижелі жұмыс атқарып жатыр.

Осындай мемлекеттік деңгейдегі жауапты науқанға еліміздің жоғары білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы да белсенді қатысып, өз үлесін қосуда. Университет ректоры Ж.Қ.Түймебаев мырза мемлекеттік комиссияға қатысатын профессор-оқытушыларды жүйелі түрде жинап, келелі мәселелерді қозғап, жан-жақты қолдап отыр. Сонымен қатар жұмыс тобының мүшелеріне үкімет тарапынан да қосымша материалдық көмек көрсетіледі. Қазір ғалымдарымыз сонау 20-30 жылдан бастап елімізде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар мен тергеусіз-сотсыз, ең бастысы – заңсыз жазаланғандар мен атылып кеткен азаматтарымызды толық ақтау бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде мұрағаттарда еңбек етуде.

XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қос революциядан кейін билік басына келіп, өз билігін орнатқан Кеңес өкіметі тұсында еліміздің тартқан тауқыметтері жетерлік. Соның бірі – 1929-31 жылдарда орын алған халық көтерілістері. Оның экономикалық, саяси және демографиялық салдары, зардабы өте ауыр болды. Еліміздің бүкіл аумақтарында стихиялы түрде жаппай орын алған шаруалар көтерілістерінің негізі, басты себептері тереңде жатқан болатын. 1927 жылы Кеңес партиясының ХV съезі болып өтті. Онда елді ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Аталған саяси науқан 1929 жылы И.Сталиннің «Правда» газетіндегі «Ұлы бетбұрыс» атты мақаласынан кейін жаппай басталып кетті. 1928 жылы Қазақ АКСР атқару комитеті мен халық комиссарлар кеңесінің «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» жөніндегі атышулы қаулысы жарық көрді. Осы қаулының негізінде еліміздегі байлар мен ауқаттылардың мал-мүліктері тәркіленіп, жазықсыз саяси қудалауға ұшырап, көпшілігі атылып кетті.

Күштеп ұжымдастыру Кеңес өкіметіне қарсы жаппай бас көтеруге тек негіз болды. Оның астары тереңде жатқан болатын. Бірнеше ғасыр Ресейдің империалистік езгісінен зиян шеккен халқымызға өз саяси тәуелсіздігіне қол жеткізу үлкен мақсат еді. Патшалық Ресейдің езгісінен кейін кеңестік билік сол бұрынғы империалистік саясатты ары қарай жалғастыра берді. Соның себебінен қазақ шаруалары жер-жерде кеңестік билікке қарсы бас көтерді. Сондай ірі көтерілістердің бірі Бетпаққара көтерілісі болды. Бүгінде көптеген ғалымдарымыз осы көтерілістің саяси себептері мен салдарын зерттеп, көптеген мақалалар жариялады. Оған қатысушылар мен ұйымдастырушылар анықталып, оларды толық ақтау науқаны жүріп жатыр. Біздің жұмыс тобымыз Алматы қалалық полиция департаментінің және Орталық мемлекеттік мұрағаттарында олардың жеке істерін саралап, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Көтерілістің басталуына 1928 жылдың қыркүйек-қараша айларында жүргізілген кәмпескелеу науқаны себеп болды. Қазақ АКСР ОАК-нің шешімімен мұнда көптеген байлар мен ауқаттылардың мал-мүліктері тәркіленді. Саяси науқан барысында байлардың отбасылары, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Есболовтың, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Ә.Жанбосыновтың серіктері мен балаларының әділетсіз қуғындалып, абақтыға жабылуы жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды. Көтеріліс басталған кезде Бетпаққараның өзінде ғана РКФСР Қылмысты істер кодексінің 58-бабы бойынша «контра», «ұлтшылдар», «алашордашылар» деген айыптармен көптеген адам жазықсыз қамалды. 

Қазір біз Бетпаққара көтерілісіне қатысушылардың жеке істерін зерттеп жатырмыз. Бақылау ісі үш том. ОГПУ органдарында есепте тұрған Сейдахмет Тұрғымбеков, Бәйкен Айдаболов, Сұлтан Ерғазыев, Байтмұхамед Құлтанов, Бекмағамбет Әміров, Атқұрмай Бейсембаев, Әлмағамбет Сауырбаев, Әбдірахман Дүйсенов, Байтұрсын Адырбаев, Ахмет Әбдиев, Әлшағыр Байжанов, Әбділдә Балтабаев, Баймағамбет Секібаев, Байқадам Қаралдин, Мырза Сатыбалдин, Мұхамеджан Исмайлов, Қабылов, Әбіш Баймұратов, Ибраев, Ахметжан Ғаббасов, Омар Бармақов, Мағзұм Исенбаев, Нұғман Малаев, Тілеуқабыл Жанділдин, Шопыбай Баймұратовтың тергеу істері зерттелуде.

Егер бұл адамдардың басқа да қылмыстарға қатысы жоқтығы анықталса, жұмыс тобының ғылыми қорытындысы негізінде толық ақтау үшін тиісті мемлекеттік органдарға тізімі жіберіледі.

 

Уәлихан АХАТОВ,

заң факультеті деканының оқу-әдістемелік

және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары