Жаңалықтар

Түлектер кітап сыйлады

17.11.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы қарашаңырақ кітапханасына «Қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы және дамуы (куәгерлер көзімен)» кітабының қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі бірнеше данасын сыйға тартты.

Кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың заманауи қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы ерен еңбегі және стратегиялық рөлі ашып көрсетіледі.

Сонымен қатар Қазақстанның егемендікке ие болуының тарихи процесі, тәуелсіздіктің іргетасын құрайтын маңызды институттардың қалыптасуы және даму мәселелері талданады.

Авторлар қатарында Елбасының идеялары мен тапсырмаларын іске асырып, қазіргі заманғы қазақ мемлекеттілігінің негізгі салалары және институттарын құруға елеулі үлес қосқан мемлекет пен қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың басшылары бар.

Қазақстанның даму кезеңдері туралы шынайы ақпараттың көзі болып табылатын еңбек өскелең ұрпақ үшін ерекше маңызға ие. Елбасының жаңа әлемде жаңа Қазақстанды құра отырып, қандай іргелі қағидаттар мен көзқарасты басшылыққа алғанын білу жастардың туған ел тарихын ұғынып, оны дәріптеуіне, жастар арасында патриотизмді нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі