- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Фарабитану ілімін зерттеген ғалым
24.11.2021Биыл көрнекті ғалым, дарынды ойшыл, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фарабидің туған топырағына қайта оралып, насихатталуына өлшеусіз үлес қосқан Ағын Қасымжановтың туғанына 90 жыл толып отыр.
Шығыс халықтарында ұстаз түсінігі әрдайым қастерлі де құрметті саналған. Ағын Хайроллаұлы философия ғылымындағы, фарабитанудағы үлкен ұстазым еді. Университетті тәмамдағаннан соң, бір жыл аудандық газетте әдеби қызметкер болдым, кейін Шымкент педагогикалық институтында ұстаздық еттім. Жас ғалым ретінде мені 1976 жылы ҚазКСР ҒА Философия институтына мақсатты аспирантураға оқуға жіберді. Тағдырдың жазуымен өмірімдегі түбегейлі өзгеріс осы сәтте болғандай, өйткені мен ұстаз, профессор А.Қасымжановтың бөліміне түстім. Сол уақытта ол әл-Фараби мұрасы бойынша аудару және насихаттау тобының жетекшісі болатын.
А.Қасымжанов әлемдік деңгейдегі ғалым. Оның есімі қазақстандық философия мектебінің бастауында тұрады. Ағын Хайроллаұлы отандық және шетелдік философия тарихы, таным теориясы және диалектика, ғылым философиясы, дала өркениеті және қазақ халқының рухани мұрасы салаларында толымды философиялық мол мұра қалдырды. Оның әл-Фараби және ойлау мәдениеті туралы жазылған еңбектері араб, болгар, поляк, португал, фин, француз, чех тілдеріне аударылып, жарияланған.
Талантты ғалым, белгілі философ, педагог, кемел ұстаз, философия ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Қасымжанов 1931 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. ҚазҰУ-дың философия факультетінің алғашқы түлектерінің бірі. Еңбек жолын аспирантураны бітіргеннен кейін, 1957 жылы ҚазКСР ҒА Философия институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде бастады. Ағын Қасымжанов ғылымда үш саланың негізін қалады. Біріншісі – таным теориясы, оған арналған іргелі еңбектері бар. Екіншісі – әл-Фараби мұрасын зерттеп, фарабитану ілімінің іргесін анықтап, басты бағдарларын белгіледі. Үшіншісі – қазақ дүниетанымын, философиясын тарихи-методологиялық ауқымда зерттеп, артында ұшан-теңіз идеялық мұра қалдырды.
1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында әл-Фараби мұраларын зерттейтін бөлім ашылды. Бөлім меңгерушісі болып А.Қасымжанов тағайындалды. Ғалым жерлесіміз, ортағасырлық кемеңгер ғұлама, ойшыл әл-Фарабидің тарихи Отанына оралуына көп еңбек сіңірді. Атап айтар болсақ, Ш.Есеновтің және Ә.Әлімжановтың бастамасымен 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы аясында «Әл-Фараби күні» өткізілді. Олардың белсенді қатысуымен әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Ол кезде мұндай іс-шара өткізу оңай шаруа емес еді.
Б.Ғафуров, А.Машанов, А.Қасымжанов, Ә.Әлімжанов т.б. ҚР Ғылым академиясының президенті Ш.Есеновтің тікелей ұйымдастыруымен 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция Мәскеу – Алматы – Бағдад қалаларында болып өтті. Сөйтіп, Алматы аз уақыттың ішінде әл-Фараби мұраларын зерттеудің ғылыми орталығына айналды. Осы тұстағы Ағын Қасымжановтың ғылыми беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті тек Қазақстанда емес, шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. Конференцияның Алматы қаласында өтуіне бірден-бір себепші болған бір жағдай – ол Ағын Қасымжановтың ғылыми редакциясымен белгілі жазушы Ә.Әлімжановтың 1975 жылы шыққан «Ұстаздың оралуы» атты кітабы болды. Өкінішке қарай, бұл кітаптың оқырман қауымына таралуына тыйым салынған болатын. Бірақ соған қарамастан, Ағын Қасымжанов бастаған ғылыми топ әл-Фараби мұраларын зерттеуді әрі қарай жалғастыра берді.
Ағын Қасымжанов 1976-77 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің деканы, ал 1977-83 жылдар аралығында ҚазМУ жанындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры, 1983-86 жылдары ҚазМУ-дың Философия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына байланысты ҚазМУ-дан кетуге мәжбүр болып, 1987-93 жылдары Алматы зооветеринарлық институтында Философия кафедрасында профессор болып жұмыс істеді. Осы бір қиын жылдарда Ағын Қасымжанов қазақ халқының рухани мәдениетімен терең шұғылдана бастайды. 1994 жылдан ғұмырының соңына дейін ҚазҰУ-да философия және саясаттану факультетінде Философия кафедрасының меңгерушісі болды. 1993 жылы ҚазҰУ-дың жанында Әл-Фараби ғылыми орталығын құрып, соның директоры қызметін атқарды. Айта кететін бір жайт, Ағын Қасымжанов қай жерде қызмет етсе де, барлық уақыттағы ғылыми жұмысының өзегі фарабитану болды. Қазіргі уақытта оның әл-Фарабиге арнаған төрт монографиясы, 10 кітапша және 50-ден аса ғылыми мақаласы бар.
Оның ғылыми атағы мен беделі Қазақстан Республикасынан да тысқары кеңінен тарап, Одаққа танымал талантты қазақ философы атанды. 2000 жылы қараша айының 2-жұлдызында ғалым, ойшыл, философ, ұстаз Ағын Қасымжанов өмірден өтті. Ғалымның құрметіне екі жылда бір рет дәстүрлі университеттік Ағын Қасымжанов оқулары өткізіліп келеді. Қараша айында Әлемдік философия күні қарсаңында Ағын Қасымжановтың 90 жылдығына орай, Қасымжанов оқуларын өткізу жоспарланып отыр.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
Философия кафедрасының профессоры,
ф.ғ.д.