- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тәуелсіздік – Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі
01.12.2021
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Тұңғыш Президент күні ең қастерлі мереке –Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Айтулы мемлекеттік мейрам осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 10 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел алдындағы еңбегіне жоғары баға беру мақсатында бекітілді.
Бұл қарарға 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы негіз болған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында: «Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік», – деп, ендігі жерде мемлекетті нығайту үшін тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажеттігіне басымдық берді.
Тәуелсіздік тарихы және Қазақстанның қалыптасуындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегін айшықтау мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жыл басынан бері бірқатар шаралар ұйымдастырды.
Елбасы саябағы, Ғалымдар бағы, Ағаштар аллеясы ашылып, 1000-ға жуық көшет отырғызылды. Онлайн форматта еліміздің саяси қайраткерлері, ғалымдар, елшілер дәріс оқып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар жүзеге асты.
Тәуелсіздіктің қалыптасуындағы білім мен ғылымның рөлі туралы кітаптар мен оқулықтар сериясы жақын күндері жұртшылыққа таныстырылады. Ал бүгінгі күннен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі өз жұмысын бастайды.
Онкүндіктің алғашқы шарасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған жерінен бастау алып отыр. ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларынан құралған «Елбасы жолымен» арнайы экспедициясы Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болып, Ұлт Көшбасшысының балалық шағы мен қызметтік жолымен танысып қайтты.
Онкүндік аясында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары», Президент Қ.К.Тоқаевтың «Он делает историю» кітаптарын талқылау, «Тәуелсіздік – 30» флешмобы, «Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты, «Балалық шағымның аспаны» кино кеші, «Қазақстан Тәуелсіздігі және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және басқа шаралар жоспарланған. Сіздерді осы жобаларға белсене алсалысуға шақырамын.
Құрметті әріптестер, білім алушылар!
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты» деген қанатты сөзі әрдайым жадымызда тұруы тиіс.
Мерекемен құттықтай отырып, ел болашағы үшін атқарып жүрген абыройлы еңбектеріңіз табысқа бөлесін дегім келеді.
Ынтымақ пен бірлікті, татулық пен достықты ту еткен Ұлы дала елінің болашағы жарқын болсын!
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, жақындарыңызға амандық тілеймін!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ