Жаңалықтар

Жастар елдіктің жеті қағидасын талқылады

02.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Елдіктің жеті тұғыры» атты «Jas Otan Cases» жастар сессиясы өтті. Шараны Алматы қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының төраға орынбасары Әкежан Кеңесов ашып, Елбасы үндеуінің мәні мен маңызына тоқталды.


«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағиданы Ұлт көшбасшысы 23 қараша күні «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында   ұсынды. «Бұл 30 жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бірінші – Тәуелсіздік. «Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған 30 жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық», – дей келе, Тұңғыш Президент келесі қағидаларды атады. 


– Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Ал отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.

Сонымен қатар жиында Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әсия Ақанова сөз алып, өз тәжірибесімен бөлісті. Депутат елімізде жастарға сапалы білім алуға және табысты жұмыс атқаруға, көздеген мақсатқа қол жеткізуге зор мүмкіндіктер жасалғанын алға тартты. Прагматизм қағидасының бүгінгі таңда жастар үшін өзектілігіне аса мән берді. 


ҚазҰУ жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Мәдина Ысқақова өз кезегінде прагматизм тақырыбын жалғай түсті. Ол прагматизм негізі ата-баба дәстүрінен бастау алатынын айта келе, замандастарын қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, өзін-өзі дамытуға, білімді әрі нәтижелі болуға үндеді. «Қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн», – деген Елбасы сөздерінің қазіргі уақыттағы маңызына назар аударды.


Сондай-ақ жиында ҚазҰУ оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Думан Жекенов жастарға сөз арнап, Мәңгілік елдің тұғырлы болуы сапада екенін айшықтап берді. Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен өзіңе деген жауапкершіліктен, өзіңді жетілдіруден, өзіңнің бірегей тұлғаңды қалыптастырудан басталатынын тұжырымдады.

Сессия барысында студент-жастар түрлі сұрақтар қойып, елдіктің жеті қағидасы бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі